Көкшетаудағы жел генераторлары толық қуатында жұмыс істеуде

30 Наурыз 2021, 17:17
2027
Бөлісу:
Көкшетаудағы жел генераторлары толық қуатында жұмыс істеуде
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде баламалы энергетиканы дамыту бағдарламасы аясында қолға алынған бірегей жобалардың бірі – Көкшетау іргесіндегі жел электр стансасы. Жел күшінен қуат алатын алып қондырғылар толық қуатында жұмыс істеуде.

Инвестициялық жоба құрылысы 2018 жылдың екінші жартысында басталды. 2020 жылдың жазынан бастап генераторлар электр энергиясын шығара бастады. Әрқайсысының қуаты – 750 кВт. Облыс орталығы үшін бірегей жобаны «Вичи» ЖШС іске асырды. 

Көкшетаудың іргесіндегі Красный яр ауылының маңында салынған жел электр стансасы даниялық NEG Micon компаниясының 5 жаңартылған генераторынан тұрады. Бұл әлемдегі ең сенімді энергетикалық жабдықтардың бірі болып саналады. Олар алғаш рет Нұр-Сұлтандағы EXPO халықаралық көрмесінде ұсынылды. Станса қызметкерлерін оқыту және монтаждау жұмыстарымен неміс мамандары айналысты. Жел электр стансасының құрылысы барысында жеті жұмыс орны құрылды. Қазір мұнда 5 адам жұмыс істейді, - дейді «Вичи» ЖШС директоры Владимир Иванов. 

Көкшетаудағы жел генераторлары толық қуатында жұмыс істеуде

Кешеннің құрылысы мен іске қосу құны 1,7 млрд теңгені, ал қуаты 3,75 МВт «жасыл» энергияны құрайды.

Өндірілетін электр энергиясы Ақмола ауданаралық желілері мен «KEGOC» АҚ-на жеткізілуде.

Жобаны әрі қарай дамыту жұмыстары жалғасуда. 2021 жылдың қыркүйегіне қарай қосымша энергия қондырғыларын салу жоспарлануда. 

Көкшетау қаласының кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Андрей Подгурскийдің айтуынша, қала әкімдігі инвестициялық жобаны қолдау аясында 40 га жер телімін бөлді. 

Осы аумақта биыл қолданыстағы жел генераторларына сол қуаттылықтағы тағы 7 қондырғы қосылады. Ал келесі жылы мердігерлер әрқайсысына 1,5 МВт-тан 11 жаңа станция орнатады. Негізгі құрылыс жұмыстары биыл сәуір айында басталады, - дейді Андрей Подгурский.

Жобалау жоспарына сәйкес Красный яр ауылдық округінің бұл аумағында жаппай құрылыс жұмыстары жүріп, инфрақұрылым дамытылады. Алдағы уақытта округ халқы 25 мың адамға дейін артады деп болжанып отыр. Жаңа агломерацияның үйлері, әлеуметтік және коммерциялық нысандары толығымен жасыл энерготехнологиялар есебінен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 

«Жасыл» экономика тұжырымдамасына сәйкес өңірде бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ерейментау, Целиноград аудандарында жел электр стансасының құрылыстары жүруде. Соның арқасында 2023 жылға қарай Ақмола облысында электр энергиясының 45%-ы жаңартылған қуат көздерінен өндірілетінін айтады сарапшылар.


Өзгелердің жаңалығы