Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. 2025 жылға дейін Көкшетауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 630 орындық көпбейінді облыстық аурухана бой көтереді.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздыков мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласының қолда бар ресурстарын қайта қарап, басымдықтарды белгілеу қажет. Атап айтқанда, Президент мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалана отырып, қазіргі заманғы аурухана құрылысына ерекше назар аударуды тапсырды. Мықты кадрлар, дәрігерлер, техник мамандар даярлау міндеті қойылды.
Осы орайда Көкшетау қаласының Сарыарқа ауданында 630 орындық көпбейінді облыстық аурухана салу жоспарланған. Облыс орталығының әкімдігімен 17 га жер телімі бөлініп, коммуникациялар тартылды. Ауқымды медициналық кешеннің құрылысын «РенЭлл» ЖШС компаниясы жүргізеді, құрылыстың тапсырыс берушісі Денсаулық сақтау министрлігі болып табылады. Жұмыс тобы құрылып, оның аясында медициналық-техникалық тапсырма, аурухананың әлеуеті, медициналық жабдықтар мен кадрлар анықталды, – дейді Нариман Сыздықов.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта компания екінші кезеңге – құрылыстың басталуына көшуде.
Осыған байланысты осы құрылыс салушының ел аумағында қалай жұмыс істейтінін, оның қандай жобаларды іске асырғанын көзбен көру мүмкіндігіне ие болдық. Түркияда медициналық қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткіздік. Стамбулдағы ең үздік клиникада болдық. Ол шамамен 450 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Бұл 10 мыңға жуық жұмысшы, 3600 төсек-орын және 90-ға жуық операциялық бөлмесі бар тұтас қала деуге болады. Олар денсаулық сақтау жүйесінде барлық қажеттіліктерді толық қамтиды, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Ақмола делегациясы сол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылыс компаниясы салған Бурса қаласының клиникасына болып, медицина саласындағы бірегей әдістермен танысты.
Пневмопоштаның болуы таң қалдырды. Әр бөлімде арнайы қорап бар, онда пациенттердің анализдері бар цилиндрлер мен контейнерлер жиналады. Ал аурухана құбырлар арқылы орталықтандырылған, анализдердің барлығы зертханаға түседі. Әр талдауда штрих-код бар және барлық ақпарат автоматты түрде ақпараттық жүйеге жүктеледі. Сондай-ақ, барлық бақылау құралдарын қамтитын ахуалдық орталықтың бар: бейне-аудио бақылау, ақпараттық жүйені бақылау. Мұндай орталықтар өте жылдам жұмыс істейді. Мұнда іс жүзінде барлық қызмет салалары көрінеді: медициналық бөлім, инженерлік және экономикалық. Бір қызығы, Түркияда медицина қызметкерлері тек медициналық жұмыстармен айналысады. Клиника жетекшісінің негізгі міндеті – науқастарды емдеу. Тек осы жұмыспен ғана айналысады. Барлық қалған медицинадан тыс жұмысты сол саладағы аутсорсингті компаниялар атқарады. Бізде бас дәрігер экономикалық, қаржылық және басқа мәселелермен де айналысуы керек. Олардың бас дәрігері де менеджер, бірақ ол науқас менеджментімен айналысады. Пациентті қалай қабылдау, қандай емдеу немесе оталар, дәрі-дәрмек қолдану керек, тесттерді бақылау – денсаулық менеджменті болып табылады. Біз де медицина сапасын арттыру үшін осы бағытта жұмыс істеуге тырысамыз. Ақмола облысында Үкіметте айтылған жиырма жобаның бірі жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Тамаша менеджменті бар жоғары технологиялық клиниканың болуы біз үшін аса қажет, – деп түйіндеді Нариман Сыздықов.
Көкшетаудағы көпбейінді облыстық аурухана құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда.