Көкшетауда Сәкен сері музейі ашылды

19 Ақпан 2021, 17:22
3349
Бөлісу:
Көкшетауда Сәкен сері музейі ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейде жазушының музейі ашылды. Мұнда қаламгердің көзі тірісінде пайдаланған заттары, кітаптары, жазбалары, фотосуреттер, баспа мәшіңкесі, альбомдары мен газет материалдары қойылған. Қор әлі де толықтырылатын болады.

Көкшетауда Сәкен сері музейі ашылды

Мектеп директоры Баян Сәрсенбаеваның айтуынша, Сәкен Жүнісов музейінің ашылуына Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері көп көмек көрсеткен.

Көкшетауда Сәкен сері музейі ашылды

2017 жылы мектепке атақты жазушы, драматург Сері Сәкен Жүнісовтің есімі берілген уақыттан бастап өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні мол қазынасын дәріптеу мақсатында музей ашу ісі қолға алынған болатын. Мәлік Ғабдуллин музейінің көмегімен жинақталған материалдар мен деректер музейдің құрылуына негіз болды. Оқушыларымыз жерлес жазушы шығармашылығы жайлы мол мағлұмат алады деген сенімдемін. Мектебімізде «Сәкентану» факультативі өткізіледі. Алдағы уақытта «Сәкен оқулары» байқауын ұйымдастыру көзделуде, - дейді Баян Сәрсенбаева.

Көкшетауда Сәкен сері музейі ашылды

Ашылу салтанатында Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек мұражай құжаттарын мектеп-лицей директоры Баян Сәрсембаеваға табыс етті.

Сәкен Жүнісовтің көкшетаулықтар үшін орны ерекше. Қазақ халқы Сері деген атақ қосып, Сәкен сері атанған. Кешегі Ғабеңдер, Мұхаңдар сияқты ұлы тұлғалардың жалғасы Сәкен сері Жүнісовтің музейін ашу көптен ойда жүрген мақсатты іс болатын. Мәлік Ғабдуллин музейі жаңартылған уақытта экспозициялық залдардағы тіркеуге алынған жәдігерлер арнайы акт бойынша екі білім ордасына тапсырылды. Осылайша Красный ярдағы №3 мектепте Көкен Шәкеев музейі ашылғаны белгілі. Енді С.Жүнісов атындағы №18 мектепте Сәкен сері музейі жұмыс істейтін болады. Музейде 500-ден артық жәдігер бар. Көкшетауға Сәкен Жүнісовтің кітапханасы толық жеткізілді. Музей талаптарына сай оның белгілі бір бөлігі ғана мектепке қойылып отыр. Музей арқылы мұндағы әрбір экспонат мемлекет қорғауында болады, - дейді Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек.

Көкшетауда Сәкен сері музейі ашылды

Сәкен сері Жүнісов халқына «Ақан сері», «Жапандағы жалғыз үй» романдарын, «Заманай мен Аманай», «Алдыңғы вагон» повестерін, «Ажал мен ажал», «Абылай» сияқты драмалық шығармалар ұсынып, тарихи, күрделі тақырыптарды қаузап, оны шұрайлы тілімен шырайландырып, оқыс оқиғалармен ширықтырып, шып-шымыр дүниелер тудырған шынайы суреткер еді.

Көкшетауда Сәкен сері музейі ашылды

Талғамы биік Ғабит Мүсіреповтің өзі «сері» атаған Сәкен Жүнісов расында да тек жазушы ғана емес, дүлділ домбырашы, алапат әнші, жалындаған шешен де еді. Жасында палуан болып, боз кілемде ешкімге десте бермесе, кейін әріптестері арасындағы тастаяқтан өтетін жарыста алдына жан салмайтын. Роман-дилогиясы жаңғырып, киносценарийлері экраннан, драмалары сахнадан көрініп, өзі газет-журнал, радио-телевидение сыр-сұхбаттарының көркі, той-думанның сәні, жиын-мәслихаттың мәні боп өтті. Сол шешендік сөздері, ұшқыр ойлары, ұтымды пікірлерін ұмытпасын дегендей артына «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері» жайында атты қалың кітабын да қалдырып кетті, – деп пікір білдірді №18 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Бралина.

Өзгелердің жаңалығы