Оқушының маңдайына «дәптер» деп жазған мұғалім жұмыстан шығарылды

21 Қазан 2021, 18:45
13210
Бөлісу:
Оқушының маңдайына «дәптер» деп жазған мұғалім жұмыстан шығарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Көкшетаудағы мектепте болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Көкшетаудағы жағдайға келсек. Мұғалімнің жүрегі мейірімді болуы керек. Мұғалім гуманистік принциптерге сүйеніп, балаларды жақсы көруі керек. Бұл әрекеттер мұғалім ұғымымен мүлде сәйкес келмейді. Бұл өте ауыр жағдай, оны түсініп, қабылдау қиын. Тиісті шешім қабылданды, мұндай жағдайлармен жұмыс істеу қажет, - деді БҒМ басшысы.

Оның сөзінше, ауылдарда және қалаларда көптеген мықты мұғалім бар.

Олар әртүрлі жағдайда жұмыс істейді. Бірақ, өкінішке қарай, ақылға қонымсыз жағдайлар да бар, - деді Асхат Аймағамбетов ОКҚ-да.

Сонымен қатар Ақмола облысы әкімдігінің білім басқармасы бұл факті бойынша қызметтік тексеру жүргізу үшін қалалық білім бөлімі мен білім бөлімінің қызметкерлерінен тұратын комиссия жіберілгенін хабарлады.

Ақмола облысының білім басқармасының басшысы Көкшетау қаласының білім бөлімі басшысының, №13 мектеп-гимназиясы директорының және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарымен жедел кеңес өткізді. Қазіргі уақытта мұғалім Еңбек кодексінің 52-бабының 1-б. 14-тармақшасы бойынша жұмыстан шығарылды. Қазіргі күні сыныпта оқу процесі жалғасуда, оқушыларға психологиялық қолдау көрсету бойынша жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ ата-аналармен жиналыс өтті, - деді облыстық білім басқармасы.

Еске сала кетейік, Көкшетау мектептерінің бірінде мұғалім дәптерлерін ұмытпау туралы ескертуді күнделікке емес, оқушының маңдайына «дәптер» деп жазып жіберген.
Өзгелердің жаңалығы