Көкшетауда «Халық сақшылары» жасағы жұмыс істеп жатыр

10 Қаңтар 2022, 12:06
1340
Бөлісу:
Көкшетауда «Халық сақшылары» жасағы жұмыс істеп жатыр

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында көкшетаулық қоғам белсенділері құқық қорғаушылармен бірге қала аумағында тәулік бойы бақылау жұмыстарын жүргізуде.

Өз азаматтық ұстанымын көрсетуге және полиция қызметкерлерімен түнгі рейдтерге баруға шешім қабылдағандардың арасында спортшылар, отставкадағы әскери қызметшілер, ҚХП, Nur Otan партияларының өкілдері, депутаттар және қарапайым тұрғындар да бар. 

Бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы және қоян-қолтық күрестен ҚР бас жаттықтырушысы, облыстық спорт мектебінің директоры, Көкшетау мәслихатының депутаты Мереке Жүсіпов түнгі рейдтердің қалай өтетіні туралы айтып берді.

Оның хабарлауынша, мұндай «Халық жасақтары» Көкшетаудағы патрульдеу жұмысына әр кеш сайын – түнгі сағат 21.30-дан 2-ге дейін шығады. Полицияға көмектескісі келетіндердің арасында шамамен 100-ге жуық спортшылар бар.

Біздің спортшылар мен жаттықтырушыларымыздың әрқайсысы өз еркімен осындай патрульдерге қатысуға шешім қабылдады. Барлық мәселе сабырмен шешілуі керек. Біздің қаламызға тыныштық қажет. Спортшылар, отставкадағы әскери қызметкерлер, партия өкілдері – барлығы бірге қаланы күзетеді. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқысы келетін қарапайым адамдар да келуде. Мұндай істе тек полиция қызметкерлері ғана емес, азаматтық қызметкерлер де көмектесетіні өте маңызды, – деді Мереке Жүсіпов.

Әрине, патрульдеу кезінде әр түрлі жағдайлар орын алып жатады.

Осы уақыт ішінде режимді бұзған тұрғындарды ұстаған жағдайлар болды. Әрине, көпшілік елімізде жүргізіліп жатқан анти-террорлық операцияларға қолдау танытуда. Қала аумағында төтенше жағдай талабына сай ішкі тәртіпті сақтау мәселелері жөнінде әңгімелесулер өткізілді, – деп бөлісті еңбек сіңірген жаттықтырушы.

Көкшетау көшелерін патрульдеу төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін жалғасады.

 Ақмола облысының өңірлік жедел штабының отырысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі жағдай тұрақты екенін атап өтті.

Барлық құқық қорғау, мемлекеттік орган, төтенше жағдайлар және қорғаныс департаменті қызметкерлерінің, біздің қоғамшылдарымыздың үйлесімді жұмысының арқасында өңірдегі ахуал тұрақтануда. Бүгін полиция қызметкерлеріне жанқиярлығы үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Өз өмірлерін қатерге тігіп, олар құқық тәртібін қорғауда,  – деді облыс басшысы.

Әкімнің айтуынша, өңірде қолма-қол ақшаны алу және тауар сатып алу мәселесі шешімін табуда. Бұл мәселені шешу үшін Халық банкі полиция департаментінің көмегімен Көкшетау қаласы бойынша банкоматтарды толықтыруда. Сонымен қатар Сбербанктің 4 банкоматы қолма-қол ақшамен қамтамасыз етілген. Жақын күндері басқа банктермен де мәселе пысықталатын болады.

Сауда желілерінде азық-түлік пен бірінші қажеттілік құралдары да жеткілікті деңгейде.

Өзгелердің жаңалығы