Көкшетауда 44 сарбаз инфекциялық ауруханаға жедел жеткізілді, 5 сарбаздан менингококк табылды

28 Тамыз 2023, 23:52
820
Бөлісу:
Көкшетауда 44 сарбаз инфекциялық ауруханаға жедел жеткізілді, 5 сарбаздан менингококк табылды
Фото: скрин

Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімшесінің сарбаздары жаппай ауруханаға түсіп жатыр. Олардың қызуы көтеріліп, басы ауырған. Сондықтан жауынгерлер инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Қазірдің өзінде науқас саны 44-ке жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

КТК телеарнасының хабарлауынша, олардың бесеуінен менингококк бактериясы анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, біреуінің жағдайы тым ауыр. Қазір әскери бөлімшенің сарбаздары қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға шықпайтын болған. Себебі бөлімшедегі басқа жауынгерлер де толық тексеруден өтіп жатыр.

Денсаулығы сыр берген сарбаздарды әскери бөлімшедегі дәрігер қараған, бірақ жазылудың орнына ауруы әбден асқынған соң оларды қаладағы ауруханаға жеткізген. Науқастарды қабылдаған дәрігерлер олардың бірі өлуге шақ қалғанын айтады. Кейінірек жедел қимылдап, жүрегі тоқтаған жігіттің есін жиғызыпты.

Бізге ауруханаға әкелгенде 40 градус температура, безгегі ұстап, қалтырап тұрды. Алты адам бірақ түсті, одан соң тағы бірнешеуі. Бір сарбаздың жағдайы мүлдем мүшкіл болды. Денесі құрысып, тартылып, тіпті жүрегі тоқтап барып, әйтеуір дәрігерлер жанын сақтап қалды. Әлі де жансақтау бөлімшесінде жатыр. Нақты толық есін жиды деп айта алмаймын, - дейді Көкшетау көпсалалы аурухананың директоры Сәкен Қалымжанов.

Қазір әскери бөлімшеге жан-жақтан мамандар жиналып, жағдайды зерттеп жатыр. Бұған не себеп екені әзірше белгісіз. Қазірдің өзінде жұқпалы аурулар ауруханасында 44 сарбаз емделіп жатыр.

Қазір жұқпалы ауруларға қарсы шаралар жүргізіп жатыр. Әскери бөлімшеде сарбаздарды жан-жақты тексеретін мүмкіндік жоқ. Бір дәрігер ғана бар. Олардың барлығы бірдей медицина бекетінде емделе алмайды. Ал түрлі сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін қызметтік тексеріс жүргізіледі. Жаппай ауру себебі анықталған соң кінәлі әскерилерді анықтаймыз, - дейді ҚР Ұлттық Ұлан "Орталық" өңірлік қолбасшылығы медицина басқармасының бастығы Рашид Әбілмәжінов.

Сарбаздар осы күндері қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға шықпайды. Тіпті түгел бөлімше болып бірге сапқа тұруға да тыйым салынған. Өйткені сырқаттанғандар күн санап көбейіп жатыр.

Қазір әскери бөлімшеге белгілі бір шектеулер енгізілген. Ондағы осы науқастармен байланыста болған 278 адам толық тексерістен өтіпті, бірақ олардың сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Сондықтан жұқпалы дерт жұқтырғандар саны бұдан да артуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы