«Көкмойнаққа» құрмет

6 Қазан 2022, 09:44
2149
Бөлісу:
«Көкмойнаққа» құрмет

«Ұлы дала жорығы» респбуликалық бәйге марафонында бас жүлде алған «Көкмойнақ» командасы бүгін Ақтауға жетті деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

1240 шақырымдық жолды 12 күнде кесіп өткен бәйге аттары мен шабандоздарды Маңғыстау халқы теңіз жағалауында думандатып қарсы алды. Теңіз жағалауына құрылған амфитеатр сахнасына қос киіз үй тігіліп, аламанның алтынымен оралғандарды шашу шашып қарсы алды.

«Көкмойнаққа» құрмет

Маңғыстаулықтар аттың бабын келтіргендердің иығына шапан жауып құрмет көрсетіп, 12 күн бойы аттан түспеген шабандоз жігіттерге бір-бір тұлпар сыйға тартты. 

Ел мерейін үстем еткен барша командаға маңғыстаулықтар атынан алғыс айтамын. Еліміздің барлық аймағынан келген 19 команда сынға түскен жарыс жолында Түркістанға  дейінгі жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер  және ауа райына шыдай алмай командалар жорықтарын тоқтатып жатты, ал «Көкмойнақ» командасы жолдың қиындығына қарамастан өздеріңіздің және мініп келе жатқан Адайдың жылқыларының мықтылығын көрсеттіңіздер. Бұл жеңістеріңіз -  өлкеміз үшін үлкен мақтаныш. Құрметті спортшылар, маңғыстаулықтардың атынан сіздерге алғысымды білдіремін! Жеңісті күндердің куәсі болайық!, - деді Маңғыстау облысы әкім Нұрлан Ноғаев. 

«Көкмойнаққа» құрмет

Астанадан жарыс жолына 190 ат пен 95 шабандоз бәйгеге қосылған. Алайда мәреге оның тек 13-і ғана жеткен. Сол 13 аттың 4-уі «Көкмойнақ» командасының жүйріктері. 

Бәйге марафонның мақсаты –жігіттердің мықтылығын, тұлпардардың тектілігін әлемге таныту. Ал біздің мақсат - Адайдың қолтума, ата-бабадан бізге жеткен, қазір біздің өсіріп, баптап отырған тұлпарларды дәріптеу болды. Біз сол мақсатымызға жеттік деп есептеймін, - деді атбегі Сенбай Қалдаманов. 

«Көкмойнаққа» құрмет

Бұл аламан Адай тұқымды жабылар үшін де, шабандоздар үшін де аса қиындық туғызбаған. Аттар әр жүз шақырым сайын ашылып отырған. Тек Түркістан обылсы аумағында қара тау ішіндегі 35 шақырым қиындық туғызған. 

Бізге хабар кеш жетті. Жарысқа аз дайындалдық. Туғалы ат үстінде жүргендіктен дайындықтың аздығы білінбеді де. Әрине бәрі оп –оңай десем өтірік болар. Күннің  түрлі райына тап болып, көлді де, тауды да кешіп өткен кездеріміз болды. Бәріне төздік тұлпарларымыз жолда қалдырмады,–дейді «Көкмойнақ» командасының капитаны Ербол Ермағанбетов. 

Маңғыстауда ұлттық спорттың 8 түрімен 322 спортшы айналысады. Оның 151 –і ат спортымен шұғылданады. Солардың  62-сы республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген шабандоздар. 

Өзгелердің жаңалығы