Танымал мультфильмдерді балаларға көрсетудің қандай әсері бар екенін анықтап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.
Бала біздің болашағымыз. Сондықтан оның тәрбиесіне туғаннан бастап инвестиция құямыз. Қазір көп ата-ана жұмыс қамымен бала тәрбиесіне көңіл бөле алмай, оларды теледидар не youtube тәрбиелеп жатыр. Ал әлеуметтік желіде балаға керек те, керек емес де ақпарат жетерлік.
Мультфильмдер бала психикасына әсер етеді
Психологтар мультфильмдердің бала психикасына қатты әсер ететіндігін айтады. Мысалы қазір он үйдің тоғызында қосулы тұратын «Синий трактор» баланың жүйке жүйесіне әсер етіп, тез ашуланғыш келетінін айтады. Сондай-ақ мультфильмді бір көрген балада оған тәуелділік пайда болады екен.
Ал айдалада аюмен бірге өмір сүретін «Маша мен аю» мультфильмі туралы мүлдем жақсы пікір жоқ. «Жануарлардың ортасында жалғыз адам не істеп жүр?» деп сауал да туындайды. Енді бірі оны қайтыс болған қыздың елесі екен, оны тек жануарлар ғана көреді екен деп тошпалауда. Мамандар да мультфильмде кадрлар тез жүргендіктен бала да адасады. Тек жасы жоғарылау балалар ғана оны ата-анамен бірге көре алады.
Балалар жиі қарайтын мультфильмдердің тағы бірі - «Три кота» мультфильмі. Ресейлік сериалда отбасымен бірге олар өздерінің эмоцияларын білдіруді, бір-бірін қолдауды және кез-келген, тіпті қиын жағдайдан шығудың жолын өздерінің қиялдары мен ата-аналар кеңесінің көмегімен табуды үйренеді.
Бәрі орыс тілінде
Өкініштісі, жоғарыда атап өткен мультфильмдер де, әлеуметтік желідегі көп бейнеде орыс тілінде. Кей отбасында 24 сағаттың 14-15 сағат бойы қосылып тұрады десек, бұл бала тәрбиесіне әжептеуір ықпал ететін көрсеткіш.
Сандарды мысалға алайық, мысалы қырғыз «D- Billions» тобының бір бейнебаянының қаралымы – 489 млн құрайды. Ал Қазақстанда мұндай контентті қолға алып жүргендердің саны аз. Мысалы «Balafunny» парақшасына 133 адам тіркеліп, олардың бір бейнебаяны 7,5 млн қаралым жинаған. 20 млн Қазақстандықтың 5 млн-нан астамы бала деп алсақ, бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан рухани құндылығымызды ерте жастан бала бойына көңілді әуен арқылы сіңіруге ықпал ететін контенттер керек-ақ.
Балапанның әлеуеті қандай?
2010 жылдың 27 қыркүйегінен бастап балалар үшін «Balapan» арнасы хабар тарата бастаған болатын. Бүгінге дейін қызықты бағдарламалары мен мульттелехикаялары арқылы қазақ балаларын тәрбиелеуде айрықша орын алып отыр. Жақында ғана ұжым 2024 жылы шығатын анимациялық жобаларды талқылады. 2023 жылы 382 сериялық 20 анимациялық өнім өндірген. Биыл олардың саны өспек.
«Balapan» арнасы балаларға ана тілін сіңіру миссиясын ұстанады. Ең алдымен кейіпкерлеріміздің тілінің таза болуына, оқиғалардың ұлттық мазмұнды қамтуына маңыз беріледі. Бүгінгі күні телеэфир арқылы балаларды күнделікті өмірге бейімдеу, балалар арасында қауіптің алдын алу, отбасылық құндылықтарды, этносаралық достықты насихаттау біз үшін маңызды», - деп Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай телеарнаның негізгі міндетіне тоқталды.
Телеарнаның тұрақты көрермендері де бағдарламалар арқылы балаларымыз тәрбиеленіп отыр деген пікірде.
Өзім көпбалалы анамын. Таңертен тұрғаннан күн батқанға дейін теледидардан «Balapan» арнасы қосулы тұрады. Балаларымның қазақ тілінде сөйлеп, қазақи санада тәрбиеленгендерін қалаймын. Танымал мультфильмдерді қазақша дубляждап ұсынатыны да ұнайды. Соның арқасында үйде тек қазақ тілінде сөйлейді, - дейді Елорда тұрғыны Алия Файружанова.
Қорытынды
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен. Сол секілді еліміздің ертеңі үшін бүгіннен бала тәрбиесіне көңіл бөлген абзалырақ. Тәрбие әр отбасынан басталуы керек. Баланыздың не көріп, қайда барып жүргенін бүгіннен қадағалаңыз.