Кітапханашылардың орташа жалақысы 125 000 теңге – сенатор

20 Маусым 2024, 17:12
394
Бөлісу:
Кітапханашылардың орташа жалақысы 125 000 теңге  – сенатор
Фото: скрин

Нұртөре Жүсіп кітапханашылар жалақысының төмендігі және кітапханалардың толық жабдықталмай отырғаны туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында Қазақстандағы қатардағы кітапханашылардың орташа жалақысы 125 000 теңгені құрайтыны және бұл білікті кадрлардың осы саладан кетуіне әкелетінін атап өтті. Қазіргі уақытта кітапхана саласын дамыту үшін қажетті заңнамалық база жоқ. Кітапханалар заманауи компьютерлік және көшіру-көбейту техникасымен толық жабдықталмаған, ал қолда бар құралдар моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген.

Кітапханалардағы компьютерлер мен көшіру-көбейту техникасымен нашар жабдықталған, көбісі ескірген. Көптеген кітапханалардың ғимараттары ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Арнаулы кітапханалардағы, балалар, жасөспірімдер, зағип және нашар көретіндерге арналған кітапханалардың жағдайы көңілден шыға бермейді. Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кіруі және еркін жүруі өте қиын. Пандустар, әмбебап кабинасы бар санитарлық тораптар, көлік құралдарына арналған тұрақ орындары жоқ, - деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар, сенатор кітапхана қорын толықтыру мәселелеріне назар аударды. Қол жетімді кітаптардың көпшілігі ескірген және оқырмандардың заманауи ақпараттық сұранысына сәйкес келмейді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты кітап қорын жыл сайын жаңарту ісі соңғы 20 жылда небәрі 1,8% құрап отыр. Авторлық құқық туралы заңның нормалары қазіргі авторлардың шығармаларын цифрлық форматта толық ұсынуға мүмкіндік бермейді, бұл кітаптарға қол жетімділікті шектейді.

Көпшілік кітапханалардың тек 60,7%-ы интернет желісіне толыққанды қол жеткізе алады. Осыған байланысты, кітапхана саласын жаңғырту, кітапханаларға қатысты мемлекеттің жауапкершілігі мен міндеттерін айқындау үшін «Кітапхана ісі» туралы жеке заң қабылдау қажет. Білікті кадрларды тарту және ұстап қалу үшін кітапханашылардың жалақысын мемлекеттік деңгейде көтеру керек. Өңірлік кітапханалар қорларын толыққанды және уақтылы толықтыру үшін Кітапханалық бірыңғай орталық құру керек, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы