Кірпіші құлап, едені опырылған. Депутат сапасыз салынған үйлер туралы айтты

30 Наурыз 2022, 13:05
2327
Бөлісу:
Кірпіші құлап, едені опырылған. Депутат сапасыз салынған үйлер туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалға өңірлердегі іс-сапар барысында тұрғындар мемлекет тарапынан халыққа берілген тұрғын үйлер құрылысының сапасы нашарлығын жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалар бойынша пайдаланысқа тапсырылған үйлердің сапасы сын көтермеуіне байланысты халық наразылығы себеп болып отыр.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің Президенті салынып жатқан жаңа үйлердің саны мен сапасын тексеруді тапсырған болатын. Атап айтсақ, ондаған жылдар бойы кезек күтіп, баспанаға әрең қол жеткізген тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Өйткені үйлерінің шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, көтеріліп, едені опырылған, сырты түсе бастаған. Облыстар бойынша сапасыз салынған үйлерді атап өтсек, мысалы Шымкент қаласы, Тұран-2 және Асар шағын аудандарындағы тұрғындар тиісті мекемелерге шағымданып, наразылықтарын білдіріп жаыр, - деді депутат.

Сонымен қатар оның сөзінше, Өскемен қаласында 2018 жылы салынған және 2020 жылғы бесқабатты тұрғын үйлер сапасы сын көтермейді. 2021 жылы маусымда Павлодарда құрылысы бітпеген төрт қабатты үй құлаған. 

22 наурызда Нұр-Сұлтанда «Sat City» тұрғын үй кешенінің «С» блогында подъездің төбесі опырылып түсті. Ғажайыптың күшімен адамдар шығып үлгерген. Осындай фактілер басқа өңірлерінде де бар. Сапасыз үйлердің басым бөлігі «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған және ипотека арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген. Бастапқыда құрылысқа берілген кепілдеме аясында жөндеп беріп отыратын мердігерлер мерзім аяқталған соң ала тонын ала қашады. Өкінішке қарай, аталған тұрғын үй кешендерінде қаншама халық жанын шүберекке түйіп, амалсыз тұрып жатыр, - деп шағымданды Мәжіліс депутаты Қаратаев.

Ол атағандай, ертең осы үйлер құласа бұған кім жауапты болады? 

Депутат Үкімет басшысынан жоғарыдағы мәселенің өзектілігін ескеріп, республикалық комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін және тұрғын үй алушыларды енгізуді ұсынды. 

Сонымен қатар барлық облыстағы, қаладағы проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізуді, үйлерде тұру қауіпсіздігін, авариялық деңгейін анықтауды, республика бойынша тұрғын үйлерді қабылдайтын тиісті жергілікті атқарушы органдарды тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды ұсынамыз, - деп айтты Фахриддин Қаратаев.

Өзгелердің жаңалығы