Кірпіш құйған арулар. Түркістандық қыздар тарихи орындардың қабырғасын қалауға кірісті

19 Тамыз 2020, 12:05
1480
Бөлісу:
Кірпіш құйған арулар. Түркістандық қыздар тарихи орындардың қабырғасын қалауға кірісті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи орындарды қайта жаңғырту жұмыстарына студент қыздардан құралған еріктілер тобы да белсене атсалып жатыр. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде құрылған "Асыл Мұра" бағыты еріктілерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тартуда.

Осы ретте Түркістандағы университет пен колледждердің студенттерінен құрылған еріктілер тобының 12 мүшесі Дарбаза қақпасының қабырғасын қалау жұмыстарына атсалысуда. Екінші бір тобы "Қазқайтажаңарту" кәсіпорнында өндірілетін реставрация қыштарын дайындауға үлес қосуда.

8b942761-ab87-4ebd-9661-41d98d8d3005.jpg

Бұл жерде жұмыс істеу әркімге бұйыра бермейді деп ойлаймын. Бұл еңбек - біз үшін бақыт. Себебі бұл - тарихта қалатын дүние. Өзіміз мақтанышпен қараған, бізден кейінгілер де мақтанышпен қарайтын тарихи дүниенің бір кірпішін болса да қалағанымыз үлкен мәртебе, - дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі спорт факультетінің студенті Наргиз Абдиева.

Мадина Қалматаева еріктілік қазақтың қанында бар қасиет дейді.

IMG-20200818-WA0070.jpg

Қақпаны қайта жөндеу жұмысына өз көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Жұмыс қиын деп айта алмаймыз. Бізге барынша қыздардың шамасы келетін жұмыстарды қарастырып берді. Еріктілік деген қазақтың қанында бар қасиет қой. Мәселен, қазақта "асар" деген ұғым бар. Жастайымыздан туған-туысымызға көмектесіп өстік, енді тарихымызға қолғабыс етіп жатырмыз, - деді Мадина Қалматаева. 

Өз кезеңінде  тарихи қызмет атқарған Дарбаза қақпасының қабырғасын қалауға және өзге де тарихи-мәдени ескерткіштерді күтіп-баптауға 12 ерікті қыз жұмылдырылған.

IMG-20200818-WA0076.jpg

Реставрация қыштарын дайындау оңай емес екен.  Тынымсыз еңбек. Басында кішкене қорқыныш болды. Кәсіпорын мамандары барынша ықыласпен үйретіп, қыш дайындаудың қыр-сырын түсіндірді. Бізге ауыр жұмыстар тапсырылмайды, - деді Жәудір Мақсұтқызы

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Қадырұлы Түркістан облысы және қала әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының басшыларымен меморандумға қол қойған. Бірлескен келісімнің нәтижесінде жастар мен еріктілерге туризм, музей ісі және мәдени-көпшілік шараларға қатысуға, гид ретінде өздерін танытуға мүмкіндік беріледі. Онымен қоса, семинар, лекция, форумдар, қайырымдылық акциялары  мен кездесулерге ерікті түрде қатысып, аталған сала бойынша тегін оқыту курстарына да қатыса алады.

Өзгелердің жаңалығы