Кірпіш, шина, бөшке. Қарағандылықтардың кәріз жүйесіне тастайтын қоқыстары

8 Қыркүйек 2023, 14:33
1322
Бөлісу:
Кірпіш, шина, бөшке. Қарағандылықтардың кәріз жүйесіне тастайтын қоқыстары
Фото: BAQ.KZ - архив

Қала әкімі Мейрам Қожухов Қарағандының Аэрация стансасында болып, тұрғындардың кәріз жүйесіне қандай қоқыстар тастайтын көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің Қарағанды облысындағы тілшісі.

Қарағандының орталықтандырылған кәріз жүйесі Аэрация стансасының жұмысы қаланың кәріз жүйелерінен келетін қоқысқа толы ағын суды тазартуға бағытталған. Химиялық және биологиялық тазарудан өткен ағын сулар Соқыр өзеніне төгіледі. 1979 жылы пайдаланылуға берілген кешен 72 гектар аймақта орналасқан. Бір мезетте 94 адам жұмыс істейтін станса күніне 232 мың шаршы метр ағын суды тазартады.

Кәріз жүйесімен келетін ағын суды биологиялық тазартатын мұндай кешендер елімізде санаулы. Бұл жерде ағын сулар толық тазарудан өтеді. Санитарлық талаптарға сай суды Соқыр өзеніне ағызамыз. Станса жұмысының бірінші кезеңінде кәріз суы ірі қоқыстардан тор көз арқылы тазартылады. Қоқыстарды тырмауыш арқылы аламыз, - дейді «Қарағанды Су» ЖШС бас директоры Данияр Исаев.

Қаланың стратегиялық маңызы бар нысанының қысқа дайындығын тексерген қала әкімі стансадағы иістің демалуға қиындық тудыратынын айтты.

Қаптаған шүберек, қоқыс, тіпті арасында атжалман да жүр. Осы үйіндідегі қоқыстың барлығы тек жарты күнде кәріз жүйесінен алынады. Бұл жердің иісін сөзбен айтып жеткізе алмаймын, кімде болса бұл жерде көп тұра алмасы анық, - деді Мейрам Қожухов.

Кешеннің басшысы Қанат Сәкеновтың айтуынша, станса қызметкерлері коллектордан тіпті кірпіш, бөшке, ванна, шина, балалар арбасы сияқты ірі заттарды да алып шыққан.

Екінші кезеңінде кәріз суы құм, қиыршық тас, топырақ сияқты кішігірім қоқыстардан тазартылады. Тырмауышпен алынбаған қоқыстар осы екінші кезеңде сүзгіден өтеді. Одан әрі қарай биологиялық тазарту жүргізіліп, микроорганизмдер, бактериялар арқылы судағы барлық қалдықтар тазартылады, - дейді Қ.Сәкенов.

«Қарағанды Су» ЖШС бас директорының айтуынша, Қарағандыға жаңа Аэростанса қажет, қазір компания қаржыландыру мәселесін шешіп жатыр, құрылысқа қомақты қаржы керек. Сондай-ақ, қаладағы ірі бес коллекторды жөндеу жоспарлануда. Биыл жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Қала әкімі болса жаңа Аэростансаның тазартылған суына шомылуға уәде берді

Қаланың кәріз жүйесі үйдегі дәретхана мен раковинадан басталып, осы жерде аяқталады. Тазартылған суды қайта қолдану техникалық жағынан әзірге мүмкін емес, - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы