Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2022 жылды қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2022 жылы конкурстық іріктеуге сәйкес 62 киножоба мемлекеттік қаржылық қолдауға ие болды. Жыл қорытындысы бойынша фильмдер халықаралық кинофестивальдерде 30-дан аса жүлде жеңіп алды. 13 шет елде қазақстандық кино күндері сәтті өтті. Отандық картиналарға Прага мен Париж, Сеул мен Мадрид, Берлин мен Бурса, Ташкент пен Баку көрермендері қошемет көрсетті. ҰКҚМО-ның қолдауымен түсірілген 12 картина прокатқа шықты.
ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкеновтің айтуынша, 2022 жылы Қазақстанның прокат нарығы 20 миллиард теңгенің деңгейіне жетті, бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жақын. 15 миллион билет сатылды, орташа билет бағасы 1300 теңгенің төңірегінде, бұл негізінен онша қымбат емес.
Ең қызығы, осы 20 миллиардтың қырық пайызын, яғни 8 миллиардқа жуығын отандық фильмдер жинаған. Биыл прокатқа шыққан 450 фильмнің 64-і отандық фильмдер. Бұл фильмдердің жалпы санының 14 пайызы және олар бізге пайданың 40 пайызын берді. Бұл орасан зор көрсеткіштер, - деп атап өтті ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов.
ҰКҚМО қолдауымен түсірілген фильмдер үшін абсолютті рекордтық көрсеткіш – «Дос-Мұқасан» фильміне тиесілі. Аты аңызға айналған музыкалық топтың тарихын баяндайтын жас режиссер Айдын Сахаманның дебюттік жұмысы кинопрокаттан 503 миллион теңге қаражат жинады.
Бүгінде отандық киноиндустрияда жас кинематографистердің белсенді қызметі байқалады. 2020-2021 жылдары жас кинематографистер мемлекеттің қолдауымен 33 киножобаны, оның ішінде 14 көркем, 7 дебюттік, 10 қысқаметражды және 2 деректі фильмді іске асырды. Ал 2022 жылы мемлекеттік қаржыландыру конкурсына қатысушылар арасында жастардың үлесі басым: "Дебют" секциясында (шамамен 90%), "Анимацияда" (шамамен 85%), "Әлеуметтік маңызы бар көркем фильмдер" секциясында (шамамен 70%), "Деректі фильмдер" секциясында (шамамен 65%) және "Кең аудиторияға арналған көркем фильмдер" секциясында (80%).
Жақында өткен "Еуразия" кинофестивалінде қазақстандық кинематографқа жеке ұлттық конкурс бөлінгенін және кинофестиваль күндерінің бірі «Жастарға жол!» ұранымен өткенін сарапшылар атап өтті. Конкурстық бағдарламалар аясында дарынды отандық режиссерлердің фильмдері көрсетілді. Көрсетілімдер сәтті өтіп, көрермендер риза болды, ал сыншылар бұл жастарды қазірдің өзінде «Қазақстандық киноның жаңа толқыны» деп атауда.