ITEC арқылы 1250 қазақстандық білім алды – елші

14 Қазан 2019, 19:37
2803
Бөлісу:
ITEC арқылы 1250 қазақстандық білім алды – елші
PHOTO
Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1992 жылдан бері Үндістан үкіметінің ITEC бағдарламасы арқылы Қазақстаннан 1250 маман білімін жетілдірді.

Нұр-Сұлтанда Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен ITEC бағдарламасының күні аясында Үндістан үкіметі арқылы грант ұтып алған түлектер жиналды. Үндістан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумар ITEC бағдарламасы туралы қысқаша атап өтті.

"ITEC бағдарламасы 1964 жылы бастау алды. Үндістанның "Оңтүстік-Оңтүстік" ынтымақтастығына қосқан үлесі және символы, еліміздің сыртқы саясатының негізі. Бүгінде 67 мекемеде білім алу үшін 162 серіктес мемлекетке 12 000-нан астам стипендия ұсынады. Үндістан үкіметі бағдарламаны толық қаржыландырады. Ақпараттық технологиялар,  кәсібі ағылшын тілі, қаржы менеджменті, парламенттік зерттеулер, ауыл шаруашылығы, экологиялық технологиялар, жаңартылған энергия көздері секілді түрлі секторда курстан өтуге болады... Қазақстан - 1992 жылдан бері ITEC серіктесі. Содан бері Қазақстанның 1250 азаматы - 1014 азаматтық және 236 әскери сала қызметкерлері білім алды. Соңғы 10 жылда Қазақстаннан 64 адам ITEC бағдарламасын пайдаланғанына қуаныштымын", - деді Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар. 

ITEC (Indian Technical and Economical Cooperation) бағдарламасы арқылы Хайдарабад қаласында 15 күндік курс оқыған Әйгерім Аманбаева әсерімен бөлісті. 

WhatsApp Image 2019-10-14 at 19.14.33.jpeg

"Мен Ауыл Шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясының бас маманы болып жұмыс істеймін. Үндістанның оңтүстігіндегі Хайдарабад қаласында ITEC бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы бойынша 2 апталық курсқа барып келдім. Ауыл шаруашылығын қалай дамытуға байланысты сұрақтар көтерілді. Қатты ұнады. Себебі оқу бағдарламасынан бөлек, Үндістан тарихы, мәдениеті, туризмімен таныстық. Сонымен қатар, өз елімізді, дәстүрімізді көрсетуге мүмкіндік болды", - деді Әйгерім Аманбаева.

раха1.jpg

Айтуынша, өзімен бірге 18 мемлекеттен келген мамандар білім алған.

"Мен барған мамандық бойынша 18 мемлекеттен мамандар келді. Оңтүстік Америка, Африка, Азия, Орталық Азия елдерінен келді. Барлығымыз ауыл шаруашылығын қалай қолдайтынын, саладағы институттармен тығыз байланысты зерттедік. Сонымен қатар, бір ерекшелігі - Үндістанда жай кәсіпкерге, шаруа қожалығының иесіне міндетті түрде ғылыми түрде кеңес береді. Мысалға, жануар немесе өсімдік "ауырып қалса", соны арнайы құрылғы арқылы суретке түсіреді және  соған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі,  институттар бірден шара қолданады. Сондай-ақ, ENAM деген шаруаларға қолайлы жүйе бар екен. Ол арқылы әр адам сататын өнімін электрон саудаға шығарады. Сосын СМС және телефон арқылы өзіңіздің шаруа қожалығыңызды тіркеуге қоя аласыз. Яғни, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерге қолдау көп", - деді ITEC түлегі.

раха2.jpg

Әйгерім бағдарлама туралы танысынан естіген. Құжаттарын өткізген соң, ағылшын тілінде әңгімелесуден өткен.

"Бізді халықаралық қонақ ретінде жақсы қарсы алды. Оның үстіне бағдарлама бізге тегін тамақ, жататын орын, жол шығындарын, стипендияны қамтыды. Барлығы уайымдайтын тамақ туралы айтар болсам, аса қиналмадық. Бағдарламаның координаторлары бізбен бірге жүрді. Кейде тамақ ащы болып қалса, бірден менюды ауыстырып, бізге ыңғайлы ас әзірлетті. Сондықтан тамағына үйреніп кеттік. Өзіміз қала ішінде мейрамханаға барып көрдік. Ол жақтағы тамақ қатты ащы болғандықтан, жей алмадық та, тек университет ішінде тамақ жедік", - деді Әйгерім.

раха3.jpg

Айтуынша, Болливуд фильмдері қалай түсіретінін өздері де сынап көрген. 

"Үндістанда әуежайда түскеннен бастап үнді фильмдерінде жүргендей сезімде болдым. Бірден киноға түскендей күйде болдым. Бізді "Рамоджи" киностудиясына апарғанда өзімізге 2,5 минуттық фильм түсіріп берді. Киноны қалай түсіреді, дыбыстар қалай қосылады - барлығын көрдік... Таңғы 5-те тұрып, йогамен айналыстық. Енді жалғастырамын", - деп Әйгерім әсерімен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, Үндістан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумар - білім, Гоа және Пәкістанмен қарым-қатынас туралы осыған дейін айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы