Бас жаңалықтар

Елші Prabhat Кumar - білім, Гоа және Пәкістанмен қарым-қатынас туралы

Үндістан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумармен сұхбат.



- Қазақстан мен Үндістан арасында қазір қай салалар басым дамып жатыр?
- Әрине, Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыс өте тығыз орныққан және саяси қарым-қатынасымыз әріден басталады. Егер есіңізде болса, Үндістан Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болды және дипломатиялық қатынас орнатты. Сонымен қатар, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Қазақстанға екі рет: 2015 және 2017 жылы келді. Алғашқысында, екіжақты сапармен келді. Ал 2017 жылы ШЫҰ саммиті аясында Нұр-Сұлтан қаласына қайта келді. Сонымен қатар ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы Үндістанға барды. Республика күнін тойлау кезінде басты қонақ болды. Содан кейін біз саяси стратегиялық әріптестікті орнаттық. Яғни, саяси жағынан біздің қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейде. Бұдан бөлек экономикалық қатынасымыз да жақсы дамып келеді. Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда айналымы өсті, қазір 1,2 млрд долларға жетті. Үндістан Қазақстаннан шикі мұнай сатып алады, ал Қазақстан Үндістаннан шай және фармацевтикалық препараттар импорттайды. Осы саяси және экономикалық қарым-қатынастан бөлек, мәдени байланасымыз жақсы дамыған. Ол тек заманауи мәдени байланыс емес, осыдан 2000 жыл бұрын орныққан тарихи мәдени байланыс бар. Міне, Қазақстан мен Үндістан арасындағы осы салалар екіжақты байланысты нығайтып келеді және солай жалғаса береді.

- Қазақстан мен Үндістан арасынадағы мәдени байланыс туралы толығырақ айтсаңыз. Қазақстандықтар тарапынан үлкен сұранысқа ие мәдени сала қандай?


- Үндістан мәдениеті – Қазақстанға өте танымал. Оны Голливуд фильмдеріне деген қызығушылығына қарап та білуге болады. Қазақстандықтар үшін арнайы телеарналар да бар. Олар голливудтық фильмдерді жақсы көреді және қаралымы жоғары. Үндістандық актерларды КСРО кезінде жақсы көретін, қазір де олардың қазақстандық фанаттары көп. Кейбір қазақстандық телеарна голлувудтық сериалдарды сатып алып, көрсетіп келеді. Қаншама жылдан бері бұл үрдіс жалғасуда. Яғни, мәдениеттің бұл саласы өте танымал деуге болады. Бұдан басқа 2015 жылдан бастап халықаралық йога күнін атап өте бастадық. Йогаға деген қызығушылық та жоғары болып шықты. Алғашында ең ірі қалалар Нұр-Сұлтан мен Алматыда өткіздік. Былтыр 6 қалада өткіздік. Олардың ішінде Шымкент, Теміртау, Қарағанды қалалары болды. Шымкент тұрғындарының үнді мәдениетіне қызығушылығының жоғары болғаны соншалық, халықаралық йога күнінен кейін холи мерекесін атап өтті. Холи – үнді бояулар фестивалі. Ал, биыл енді 10 қалада халықаралық йога күнін атап өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Үндістан елшігінің Мәдени орталығы бар. Онда йога, музыка, би және хинди тілін үйрету курстары үнемі негізде жұмыс істейді. Бұдан басқа Алматыда елшілік қаржыландыратын классикалық би орталығы бар. Ол жерде қазақстандық танымал биші Ақмарал Қайназарова үнді биін үйретеді. Орталықта хинди тілін үйренуге болады. Алматыдағы өкілдігімізде де йога сабақтары өткізіледі. Сонымен қатар, бізде мәдени алмасу бағдарламаларымыз бар. Үндістаннан бишілер келеді және Қазақстаннан да өнерпаздар барып тұрады. Мысалға, жақында Шымкенттен Үндістанға джаз тобы барды. Ал Гоа штатынан музыкалық би тобы келді. Яғни, мәдени топтар мен мәдени ансамбльдер өзара тәжірибе алмасады. Осындай мәдени алмасу аясында жылына 4-5 рет тур ұйымдастырылып отырады.

Үндістан симфониялық оркестрін қазақ жігіт басқарып жатыр. Оның есімі Марат Бисенғалиев.
Үндістанның ITEC бағдарламасының мақсаты қандай? Қазақстандықтар қандай мамандықтар бойынша Үндістанда білім ала алады?

Бұл бағдарлама 1964 жылы бастау алды. Себебі бірнеше елден сұраныс болды. Үндістан кейбір салада сарапшылық деңгейге дейін өсті. Басқа елдер соны үйренгісі келді. Үндістан сарапшылық білімін бөліскісі келді. Осылай қолға алынды. Бүгінгі таңда жыл сайын 12 мыңнан астам адам бағдарлама аясында білім алады. Бұл тек студенттер үшін емес, жұмыс істейтіндерге кәсіби біліктілікті арттыру үшін де курстар ұсынады. Бағдарлама аясында бірнеше сала бар. 200-ден астам курсқа баруға болады. Ағылшын тілі, инженерия, кибер қауіпсіздік және т.б. курстар бар. Жыл сайын Қазақстаннан 50-60 адам осы бағдарлама аясында барады. Сосын көбіне әр елдің сұранысына байланысты. Мысалға, былтыр Қазақстаннан 25 мектеп мұғалім ағылшын тілін үйрету әдістемесін үйреніп келді. Биыл тағы да Қазақстаннан түрлі саладан киберқауіпсіздік бойынша мамандарды жібергіміз келеді. Міне, сұраныс қалай болса, солай курс таңдап, тапсыруға көмектесеміз. Тағы ITEC бойынша әскери сала қызметкерлері де бара алады.
- Мен де журналист бола отырып, ағылшын тілін үйрену курсына бара аламын ғой?
- Иә, бара аласыз. Сіз тек ағылшын тілінің белгілі бір деңгейін осында меңгеруіңіз керек. Содан кейін сол деңгейді жақсарту не жоғарылату үшін бара аласыз. Бұдан басқа бұқаралық ақпарат құралдарының мамандары үшін арнайы курстар көп. Өз мамандығыңыз бойынша да бара аласыз.

- Қазір Қазақстанда қанша үндістандық бар және немен айналысады?
- Қазақстанда Үндістан азаматтары көп емес. Әрі кеткенде 500-дей болады. Нұр-Сұлтанда 70-80 адам, Алматыда 200-ге жуық адам не көп болуы мүмкін, Атырауда 50-60-қа жуық адам бар. Теміртауда тұратындар бар, бірақ көп емес. Алматыда бизнесмендер, үндістандық компаниялардың, фармацевтикалық, шай компанияларының өкілдері тұрады. Нұр-Сұлтанда негізінен әртүрлі сала мамандары, Назарбаев университетінде оқытушылар және халықаралық мектепте мұғалімдер жұмыс істейді. Атырауда Үндістан азаматтары мұнай саласында жұмыс істейді. Теміртауда «Арселор Миттал» компаниясының қызметкерлері. Себебі компанияның иесі – Үндістан азаматы. Сонымен қатар, медициналық университетте оқитын студенттер бар. Енді оларды Нұр-Сұлтан, Семейде және басқа қалаларда уақытша тұратындар деуге болады.

- Нұр-Сұлтандағы «Әбу-Даби» ғимаратының құрылысында Үндістан азаматтары жұмыс істейді. Білеміз. Олардың саны қанша?
- Нақты санын айту қиын. Себебі онда жұмысшылар Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясымен келісімшартқа отырады. Әр айда олардың саны өзгеріп отырады. Егер Әмірліктер көп жұмысшы шақырса, көбірек келеді. Қазір 700-800 адам бар.

- Бүгінде Үндістан экономикасы қай бағытта дамып жатыр?
- Үндістан экономикасы өте жылдам қарқынмен дамып жатыр. Жыл сайын елдегі ЖІӨ көрсеткіші 7-7,5% өсіп келеді. Бұл – әлем бойынша ең жоғарғы ЖІӨ көрсеткіші. Жалпылай алғанда, Үндістан экономикасы ақпараттық технологиялар, автомобиль өнеркәсібі, инфрақұрылым салаларында қарқынды дамып жатыр. Бірақ дегенмен басқа салалар да артта қалып жатқан жоқ. Қазір халық саны 1,3 млрд адам болып тұр. Мұның өзі халыққа барлық сала керек екенін білдіреді. Үлкен ел, көп халық, үлкен экономика. Үндістан экономикасы 2,5 трлн доллар. Қызмет көрсету, туризм саласы қарқынды дамып жатыр. Мысалға, жыл сайын туризм саласы 10% жоғары дамып келеді. Авиацияны да атап өтуге болады.

- Үндістандықтарды әлемдік компаниялардан жиі көреміз. Бұл – Үндістанның саясаты ма, әлде жай, халық санының көптігінен бе?
Иә, үндістандықтар әлемнің ірі компанияларында жұмыс істейді. Әсіресе, АҚШ-та олардың саны көп. Бұл сұраққа байланысты менің жеке ойымды айтайын. Арнайы зерттеліп шығарылған қорытындыны емес, жай өз ойымды айтайын. Меніңше бұл біздің білім беру саламыздың жақсы жолға қойылғанынан. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін білім беру жүйесі бірден реттелді. Бүгінде Үндістандағы университеттер ІТ, басқару және т.б. салаларда білікті мамандар даярлап шығарады. Көбіне түлектереміз әлемдегі ең мықты маман болып жүр. Microsoft, Googlе т.б. ірі банктерді үндістандықтар басқарады. Міне, сондықтан да әлемдік ірі компанияларда үндістандықтарды кездестіруге болады. Тіпті, АҚШ-тағы парламент мүшесінің көп бөлігі – этникалық үнділер. Олар болашақта президенттікке үміткерлікке де қатысуы мүмкін. Кейбір үндістандық шетелге кетеді, кейбірі елде қалып еңбек етеді. Ал үкіметтің азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыруға байланысты саясаты не арнайы бағдарламасы жоқ.

- Постколониалды жүйенің зардабын Үндістан қалай жойды? Болмаса, әлі зардабын тартып келе жатыр ма?
- Бұл жерде ел басшылығы маңызды рөл атқарды. Демократиялық басқаруды қолға ала отырып, басшыларды дауыс беру арқылы таңдау мүмкіндігін жақсартты. Саяси тұрғыдан біз жақсы жүйе қойып, әр 5 жыл сайын үкіметті сайлаймыз. Дәл қазір де Үндістанда үкімет құрамын сайлау жүріп жатыр. Бұдан бөлек конституциямыз да еліміздің қалай қарай даму керек екенін жақсы бекітті. Әрине проблемалар бар. Біз 200 жылға жуық уақыт бойы отаршылық зардабын шектік. Құтылғаннан кейін де қатты қиын болды. Себебі Ұлыбританияның отарлау саясатына дейін Үндістан әлемдегі ең бай елдердің бірі еді. Біз енді сол дәрежеге жету үшін еңбек етудеміз. Бірақ уақыт керек екенін білеміз. Қазіргі даму жүйеміз дұрыс бағытта және біз соған жетеміз деп сенеміз.
- Әлемдік БАҚ Үндістан бейнесін қалай сипаттайды? Көбіне Үндістанның қай бағыты туралы көп жазылады? Сіз қай бағытын ерекше алып қосар едіңіз?
- Қазақстанда мен мұндай проблеманы кездестірмедім. Дұрыс емес, я болмаса теріс бағыттағы материалдарды оқымадым, тыңдамадым, көрмедім. Бірақ Қазақстаннан тыс, басқа әлемдік БАҚ-та ондай жағдайлар кездесті. Мысалға, кейде елдегі халықтың кедейлігін қатты әсірелеп көрсетеді. Басқа да проблемаларды шын мәніндегісінен мүлдем бөлек қылып көрсетуі мүмкін. Яғни Үндістан туралы үнемі позитив жазыла бермейді. Кейде мұндай жағдайда жазған не жариялаған БАҚ-қа хабарласып, мәселені шешуге тырысамыз. Жалпы БАҚ беттерін бақылап отыруға тырысамыз. Үндістан туралы оң көзқарас қалдыратындай бағытта жұмыс істейміз.

- Үндістанда бірнеше дін өкілі бар. Олар өзара тату. Үндістан үкіметі олардың осындай тату болуы үшін қандай шара қолданып келеді?
- Үндістан бұл жағынан Қазақстан сияқты, яғни барлық дін өкілдері тең құқылы. Оларға бірдей қарайды. Дін өкілдері Үкімет пен мемлекет алдында бірдей жауапты. Сонымен қатар, бұл біздің тарихи тереңдігімізден келе жатыр деуге болады. 2000 жыл бұрын «Ведтер» кітабы жазылғанда «Әлем – бір отбасы» деген қанатты сөздер келтірілген. Әлі күнге дейін біз «бүкіл әлем – бір отбасы» деген қағидамен келеміз. Тағы көптеген дінің Үндістанда пайда болып, Үндістанда тарағаннан болу керек. Мысалға, буддизм. Үндістанда ғана емес, бүкіл әлемге тараған. Қытайда жақсы біледі. Қазақстанға да жеткен. Индуизмнен бөлек ислам, зороастризм, христиандық т.б. бар.

- Өткенде Шри-Ланкада болған террористік актіден кейін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Терроризмнің шекарасы жоқ» деген болатын. Үндістанда да террористік актілер болып тұрады. Үндістан терроризммен күресуде қандай шаралар қолданып жатыр?
- Сіздің президентіңіздің айтқанымен толық келісемін. Шынымен, терроризмнің шекарасы жоқ. Сондықтан барлық ел терроризммен бірлесе күресу керек. Үндістанда 14 ақпан күні болған террористік шабуылға байланысты Қазақстан қайғымызға ортақтасып, көңіл білдірді. Бұл үшін алғыс білдіреміз. Сонымен қатар, Қазақстан және басқа елдер сияқты біз де терроризмге қарсы шараларды қолданамыз. Ал екі ел арасындағы терроризммен күрес жөнінде ынтымықтастық арқылы атқарып жатқан жұмыстарымыз көп. Ақпарат алмасу жолға қойылды, Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесімен диалог құрдық. Терроризм халықаралық проблема болғандықтан, біз былтыр Қазақстанмен терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткіздік. Басқа елдермен де осындай жаттығуларды өткізіп тұрамыз.

- Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс туралы қысқаша айтып берсеңіз.
- Екі ел арасындағы проблема бірнеше жылдан бері болып келеді. Мысалға, жаңа айтып кеткен террористік актіні Пәкістанда шоғырланған террористік топ ұйымдастырды. Пәкістан өз территориясындағы террористік топтарды қолдайды. Бар мәселе осы болып тұр. Сосын бізде террористік акт болған кезде Иран, Ауғанстанда да болды. Бұл актілерді де Пәкістан қолдайтын террористік ұйымдар жасады. Сондықтан тағы айта кеткім келеді, терроризммен күресуде бүкіл әлем бірлесе жұмыс істеу керек. Террористік топтарды қолдайтын елдерден осы әрекетін тоқтатуын талап етуіміз керек. Міне, Үндістан мен Пәкістан арасындағы негізгі проблема сол – олар террористік топтарды қолдайды.

- Пәкістан неліктен оларды қолдайды?
Әрине, Пәкістан үкіметі террористік топтарды қолдайтынын мойындамайды. Сондықтан неліктен олар демеушілік білдіретінін білмейміз. Және бұдан тек Үндістан емес, бүкіл әлем қауіп астында қалып отыр.
- Қазір біздің елден Делиге әуе рейсі тоқтап тұр. Қазақстандықтар Делиге қашан ұша алады?
- Пәкістан өзінің әуе кеңістігін жауып тастаған соң рейстерді тоқтатуға тура келді. Қашан ашылатынын нақты айта алмаймын.

- Үндістанға барғысы келетін қазақстандықтар үшін еліңіздің қай өңіріне саяхаттау туралы кеңес берер едіңіз?
- Менде жаңа үндістандық әуе линиясы ашылады деген ақпарат бар. Нақты уақытын білмеймін. Шамамен ол 10 маусымда ұшу керек. Бірақ әлі белгілі емес. Сонымен қатар, әуе кеңістігі ашылған соң Эйр Астана да рейстерін жалғастырады. Көбіне қазақстандықтар жағажай орны жақсы дамыған Гоаға барады. Бірақ Гоадан басқа баратын туристік орындар көп. Соларды кеңес беретін едім. Қазір Кераланы айтуға болады. Онда жағажайдан бөлек табиғаты өте әдемі және ол жерде аюрведа емдік шараларды пайдалануға болады. Қазір ол жақта Үндістанның байырғы медицинасынан келе жатқан емдік шаралар, массаж т.б. жақсы дамыған. Джамму және Кашмир де қазақстандықтар үшін қызық болуы мүмкін. Тағы солтүстікте танымал қалалар : Дели, Агра, Джайпур бар. Делиге Үндістан астанасы ретінде, Аграға Тәж Махал бар болғандықтан және Джайпурде тарихи ескерткіштер сақталғандықтан баруға болады. Ал еліміздің шығысында да өте қызық жерлер, храмдар бар. Жалпы алғанда кез келген адам туризмге байланысты неге қызықса, соны Үндістаннан табуға болады.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!



© baq.kz, 2019. Автор: Рахиля Бекназарқызы
Материалды ешқандай формада көшіруге болмайды. Автор және меншік иесі тарапынан болатын претензияларда -  көшірме зардабынан жоғалған қаржылай шығындар қосымша көрсетіледі.

Сізден жаңалық