Кінәлілер жауапкершілікке тартылады. Елімізде өндірісте 140 адам қаза тапқан

22 Қазан 2021, 12:51
2262
Бөлісу:
Кінәлілер жауапкершілікке тартылады. Елімізде өндірісте 140 адам қаза тапқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 9 айда өндірісте 140 адам қаза тапты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев мәлімдеді.

Соңғы 5 жылда өндірістік жарақат алғандардың саны 10,7%-ға, оның ішінде қаза тапқандардың саны 16%-ға төмендеді. 1000 адамға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиелік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке түсті.

Осы жылдағы 9 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі 0,15-ке дейін төмендеп отыр. Осы уақытта еліміздің кәсіпорындарында 1062 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, 140 адам қаза тапты, - деп атап өтті комитет төрағасы ОКҚ-да.
Әр оқиға бойынша еңбек инспекторлары тексеру жүргізеді.
Әрбір жазатайым оқиға бойынша еңбек инспекторларымен тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіледі. Оның нәтижелері бойынша кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады, - деді ол.
Ербол Нұрғалиев салалар бөлінісі бойынша жіктеп айтып берді.
Зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кәсіпорындарында. Ол 19%-ды құрап отыр. Сонымен бірге құрылыс саласында 11,3%. Коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнында да осындай оқиғалар жиі тіркеліп тұрады. Өңірлердің өнеркәсіптік сипатын ескере отырып қарасақ, жарақаттанудың жоғарғы деңгейі Қарағанды, ШҚО, Ақтөбе, Павлодар облыстарында, - деп түсіндірді Еңбекмині өкілі.
Былтырғы жылмен салыстырғанда бірқатар өңірде өндірістік жарақаттанудың өсуі байқалып отыр. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 54-тен 91 адамға дейін, Атырау облысында 21-ден 38 адамға дейін, Қызылорда облысында 32-ден 53 адамға дейін өсіп отыр. Айтуынша, елордада да өсу байқалып отыр (32-ден 43-ке дейін).
Барлық жазатайым оқиға бойынша талдау жүргізіп қорытынды шығарамыз. Себептері әртүрлі. Жұмыс берушінің де, жұмысшылардың да еңбек қауіпсіздігін сақтамауы – негізгі себеп. Сонымен қатар жұмыс берушілермен еңбек жағдайлары өз деңгейінде жасалмағаны анықталып отыр, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы