«Кім болса да заң алдында жауап береді»: Депутат Көкшетаудағы жол апаты туралы

Депутат «заң мен тәртіп» қағидаты бәріне бірдей екенін айтты.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 11:30
Бүгiн 2026, 11:30
137
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

ҚР Сенатының депутаты Марат Қожаев Көкшетауда көлік қағып қаза тапқан әйелдің оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Полицияның мәліметінше, жол талғамайтын көліктің рөлінде жүргізуші куәлігі жоқ әрі арнайы оқудан өтпеген әйел болған. Оған қатысты адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сонымен қатар көлік иесі – әйелдің жұбайына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Ол жүргізуші куәлігі жоқ адамды көлік басқаруға жіберді деген күдікке ілінді. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Журналистер депутаттан әлеуметтік желіде күдікті әйелдің полицейдің жұбайы екені туралы тараған ақпаратқа байланысты пікір сұрады.

Бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Шынымды айтсам, тергеу ісіне араласқан жоқпын. Барлығы анық көрініп тұр. Оқиға видеоға түсіп қалған. Ол кім болса да, ол кісі кім болса да, бізде конституциялық қағидат бар – заң мен тәртіп. Бұл тапсырманы Мемлекет басшысы берген. Оның кім екені немесе қандай қызмет атқаратыны маңызды емес, заңға сәйкес құқықтық баға беріледі, – деді депутат Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.

Еске салайық, 10 мамырда Көкшетауда әйел адамды көлік қағып, қайтыс болды.

Сондай-ақ Көкшетаудағы апатқа қатысты жаңа дерек шықты.

Наверх