Алматы тұрғыны Гүлзира Ерболқызы онкологиялық институттың жұмысына шағымданып, науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын сынға алды. Оның айтуынша, қатерлі ісіктің төртінші сатысына шалдыққан құрбысы биопсия нәтижесін ұзақ уақыт ала алмай жүрген көрінеді.
Гүлзира Ерболқызының сөзінше, танысы екінші қорытынды алу үшін 15 сәуір күні Алматыдағы Абай көшесі, 91-мекенжайында орналасқан онкология институтына биопсия тапсырған.
Олар нәтижені 4-15 жұмыс күні ішінде береміз деді. Бірақ арада бір айға жуық уақыт өтті. Мамырдағы мерекелер мен демалыс күндерін есептемегеннің өзінде 17 жұмыс күні өтіп кеткен, – деп жазды ол.
Оның айтуынша, зертхана түскі уақытқа дейін ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоңырауларға жауап беріп, артынша тұтқаны қоя салатынын айтып, мұны науқасты мазақ етуге теңеген.
Адам өміріне деген мұндай немқұрайлы көзқарасты көрмеппін. Қазақстанда неге емделмейтінін енді түсінесің. Диагноз қойылғанша адам өліп кетуі мүмкін. Ал емдеу жайын айтпағанда, анализ нәтижесінің өзі бір ай шығады, – деді алматылық әйел.
Ол биопсия материалдары жоғалып кетуі мүмкін деген қорқыныш та пайда болғанын жеткізді.
Бұл мәселе жауапты адамдарға жетсе екен деймін. Тексеру жүргізіліп, халық ондағы жағдайды білсін, – деп жазды Гүлзира Ерболқызы.
Министрлік не дейді?
Аталған жазбаға Ақмарал Әлназарова пікір білдіріп, шағымды жеке бақылауына алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі BAQ.KZ тілшісіне берген жауабында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына жүгінген пациентке қатысты жағдай ерекше бақылауға алынғанын хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Оның аясында зерттеу жүргізу мерзімдерінің сақталуы және медицина қызметкерлерінің пациентпен қарым-қатынас сапасы жан-жақты зерделенбек.
Тексеру қорытындысы бойынша тиісті құқықтық және ұйымдастырушылық баға беріледі.
Сондай-ақ пациент 14 мамыр күні ауруханаға жатқызылуға шақырылғаны хабарланды. Министрлік оған қолданыстағы клиникалық хаттамалар мен медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.