Қазақстанда педагог мәртебесін күшейтуге бағытталған ауқымды заң жобасы Мәжілісте екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжат мұғалімдерді артық жүктемеден қорғап, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау салаларындағы бірқатар нормаларды өзгертеді.
Заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттер аясында әзірленгенін айтты.
Депутаттың сөзінше, заңның негізгі өзегі – педагог мәртебесін нақты қорғау.
Енді педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында ғана айқындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функциялардан қорғайды, – деді ол.
Сонымен қатар заңда мұғалімдердің бір есепті қағаз және электронды форматта қатар тапсыруына заңнамалық деңгейде тыйым салынды. Мәжіліс мұны «цифрлық бюрократиямен» күрес деп бағалап отыр.
Мектептерде телефонға шектеу енгізіледі
Құжат аясында орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағидалары бекітілді. Депутаттардың пікірінше, бұл оқушылардың назарын білімге аударып, кибербуллингтің алдын алуға көмектеседі.
Сондай-ақ ата-аналардың баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі күшейтілді. Заңда тәрбие беру ісі мектеп пен отбасының ортақ міндеті екені нақты көрсетілген.
Дарынды жастарға грант, әлсіз талапкерлерге тосқауыл
Жаңа нормаларға сәйкес халықаралық кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грант беру қарастырылған.
Ал педагогикалық және медициналық мамандықтарға түсетін талапкерлерге қойылатын талаптар қатаңдатылады. Депутаттар бұл қадам білім мен медицина саласына ең мықты жастарды тартуға бағытталғанын атап өтті.
Қазақстанға шетелдік университеттер келеді
Заң жобасында Қазақстан аумағында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының жұмыс істеуіне қолайлы құқықтық режим енгізілді. Алайда мұндай филиалдар мемлекеттік білім стандарттары сақталған жағдайда ғана ашылады.
Медициналық білім беру жүйесі өзгереді
Құжаттың жеке блогы медицина саласына арналған. Енді интеграцияланған медициналық білім беру моделіне көшу ұсынылып отыр. Ол 6 жыл оқу мен 1 жыл толыққанды интернатурадан өтуді көздейді.
Мұндай жүйе түлектерге оқу аяқталған соң бірден медициналық практикамен айналысу құқығын береді.
Сонымен қатар денсаулық сақтау нысандарын салу және пайдалану кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді қолдану нормалары да енгізілді.
Ілеспе заң жобасы арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де өзгерістер енгізіліп, педагогтердің құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді.
Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады.