Қытайлық Сяо Фен қазақ тілін қалай меңгергенін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейдегі үшінші форумы басталды. Форумға қатысатын шетелдік және қытайлық БАҚ үшін баспасөз орталығы жұмыс істеп тұр. Баспасөз орталығында университеттің студенттері волонтер ретінде жұмыс істеп, тағылымдамадан өтіп жүр. Солардың бірі - Сяо Фен.
Сяо Фен студент, жасы 21-де.
Сяодан қазақ тілін қалай меңгергенін сұрап көрдік.
Мен студентпін. Қазір Бейжің шет тілдері университетінде оқып жатырмын. Қазақ тілін университетте үйрендім. Менің ойымша, қазақ тілін үйрену өте қиын емес, - деді ол.
Қытайлық былтыр Алматыға тіл үйрену үшін курсқа барған.
Алматыда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде тілді оқыдым. Алматыдан басқа мұғаліммен бірге Түркістан қаласына бардық, - деп түсіндірді Сяо Фен.
Ол Қазақстанда 6 айдай болған. Қытайлық қазақтың ұлттық тағамы ет пен бауырсақ ерекше дәмді екенін атап өтті.
Менің мұғалімім өте мейірімді апай болды. Осы есімде қалды. Оған қоса аралаған қалаларым есімде қалды. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін араладым. Мұғалімім оның тарихын айтып берді. Сөзінше, кесенеде көптеген хан, батырларды жерлеген. Қазақтың тарихы өте терең екен. Оған қоса, Керуен сарайда да болдық. Алматы да ұнады. Ескі болса да, өте заманауи қала. Саябақ өте көп. Театрларға барып, қазақ операсын тамашаладық. Маған түсініксіз болса да, өте әдемі, қызықты суреттелді. Мұғаліміміз қазақтың ұлттық дәстүрін көрсетті, киіз үйге апарды, ұлттық тағамнан дәм таттық, - деп Сяо Фен Қазақстан туралы ойын айтты.