Киік популяциясын сақтау. Германия тәжірибесі

28 Қазан 2022, 16:03
5828
Бөлісу:
Киік популяциясын сақтау. Германия тәжірибесі

Батыс Қазақстан облысында «EcoJer» аймақтық экологиялық бастамалары қауымдастығы Батыс өңірі бойынша филиалының қолдауымен киіктерді тұрақты пайдалану бойынша зерттеу жұмыстары басталды, деп хабарлады  BAQ.KZ тілшісі.

«Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясы мен Германияның табиғатты және биоалуантүрлілікті қорғау одағы (NABU) сарапшылары Әділбек Қозыбақов, Тиль Дитерих және Штефан Михель далалық зерттеулердің мақсаттары мен міндеттері туралы мәлімдеді.

Киік популяциясын сақтау. Германия тәжірибесі

Біздің тобымыз екі апта бойы Батыс Қазақстан облысы Казталов және Жәнібек аудандарының аумақтарында далалық экспедицияда жұмыс жүргізді. Келесі екі вегетациялық мерзімде ботаникалық бақылау жасау үшін алты учаске белгіленіп, өсімдікқоректі жануарлардан қоршауға алынды. Осы учаскелердегі флораның түрлік құрамы, «тірі» және құрғақ биомасса өлшемдерінің нәтижелері және қоршауға алынбаған учаскелердегі дәл осындай көрсеткіштерімен салыстырмалы сараптау бойынша тиісті тұжырым жасалып, киіктерді басқару бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар беріледі, - деді NABU сарапшысы Тиль Дитерих. 

NABU-дің және бір сарапшысы Штефан Михель экспедиция барысында кездестірілген киік топтарының жыныстық-жастық құрамын анықтау бойынша жұмыс туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл болашақта, киіктерді аулауға мораторий аяқталған соң, текелердің шектеулі санын популяцияға зиянын тигізбей аулау мақсатында ересек және жас текелерді анық ажырату үшін керек екен.

Киік популяциясын сақтау. Германия тәжірибесі

«Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, «EcoJer» қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов журналистердің назарын экспедиция жұмысының келесі компоненті – жергілікті қоғамдастықтарға сауалнама өткізілуіне аударды. 

Жергілікті тұрғындарды сауалнамамен қамту үшін біз арнайы анкета жасадық. Сұрақтар жергілікті жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып және қарапайым шаруалар үшін түсінікті тілде құрастырылды. Осылайша біз киіктердің жанында өмір сүріп жатқан адамдардың пікірлері мен ұсынымдарын жинадық, яғни олардың көзқарастары ғалымдар мен шенеуніктерге киіктердің Орал популяциясын тұрақты басқару үшін қажет шешімдерді қабылдауға көмектесуі мүмкін, - деді Әділбек Қозыбақов.

   Сарапшылар Қазақстан Республикасының Үкіметі жиырма жыл ішінде киіктерді тек қана жойылудан құтқарып қана қоймай, Орал популяциясының санын жоғары деңгейге жеткізгенін атап өтіп, бұл жағдай еліміз үшін әлемдік табиғатты қорғау қоғамдастығының алдында мақтануға лайықты деген ортақ пікірін білдірді. Алайда, киіктерді жергілікті халықтың мүдделерін ескере отырып, тұрақты пайдаланып бастауға уақыт келді деген қорытынды жасалды.

       Үстірт популяциясы 

 «Табиғи орта» Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылында экотуризм және экобілім беру әлеуетін дамытуды талқыланды.

Киік популяциясын сақтау. Германия тәжірибесі

Байғанин ауданы Дияр ауылындағы «Дала табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айбек Оразғалиевтің айтуынша, 2015 жылғы санақ нәтижесі бойынша киіктің Үстірт популяциясы 1270 бас қана болып, жойылып кету қаупі төніп тұрған еді.

 Дегенмен мемлекеттік табиғатты қорғау құрылымдары мен жергілікті халықтың қорғау жұмыстарының арқасында киіктің саны жылдан жылға өсіп, биылғы санақ бойынша 28 мыңға жетті.

Осы орайда, біздер жергілікті тұрғындар ретінде киіктің сақталуына атсалыса отырып, экологиялық туризмі мен экобілім берудің дамуына үлес қоса аламыз. Яғни, табиғатты қорғап жүріп, жұмыссыздықтың жойылуына және өскелен ұрпақта экологиялық мәдениет қалыптастыруға мүмкіндік туғыза аламыз, - деді табиғат жанашыры.

Табиғат қорғау құрылымдары қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері Бейнеу аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында бас қосып, еліміздегі киіктің саны ең аз популяциясының өсімін молайту жолдарын бірлесіп талқылады. 

Айта кету керек, аталмыш жоба "Табиғи орта" Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, "EcoJer" қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі Әділбек Қозыбақовтың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатыр.

Отырыс барысында Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, Бейнеу және Сам орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мемкемесі, Бейнеу аудандық және Тұрыш ауылдық әкімдіктерінің өкілдері жобаны іске асыру бойынша жұмыс жоспарын жан-жақты талқылап мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы