ХҚКО қызметкерлері қызықты челлендж бастады

22 Сәуір 2020, 12:00
1586
Бөлісу:
ХҚКО қызметкерлері қызықты челлендж бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері жұмыстан бос уақыттарын шығармашылыққа арнап, өздері секілді карантин жағдайында халыққа қашықтан қызмет етіп отырған әріптестеріне позитивті көңіл-күй сыйлау мақсатында қызықты челлендж бастады. Ата-аналарының бұл бастамасын балалары да қолдады.

Коронавирус індеті салдарынан жарияланған төтенше жағдай режимінде өз үйлерінен жұмыс істеуге мәжбүр болған олардың бірі сүйікті жұмыс орнына және ұжымына деген сағынышын жыр шумақтарымен жеткізсе, екіншілері күй жолдап, ән айтты. Әлеуметтік желілерде енді олардың жұмыс орны қалай көрінетіні туралы көңілді сурет жолдағандар да болды. Тіпті отбасылық концерт ұйымдастырып, ерекшеленгендер де бар.

Коронавирусқа шығармашылықпен қарсы тұрған Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық ХҚО маманы Серікболсын Маденов те әріптестеріне жүрек-жарды жыр шумақтарымен дем бергенді жөн көрді:

Жүретін дәйім іргеңде,

Шығарып бәрін бір демде,

Халыққа қамқор өзіміз,

Өзгелер қамсыз жүргенде.

Қалмаған бір сәт қатардан,

Елінен өзге жат арман.

ХҚО-дағы әр жан қадірлі,

Халықтан сыйлы бата алған.

Ал Маңғыстау облыстық филиалының фронт-офистерді үйлестіру басқармасы басшысы Әйгерім Сәтбергенова кеңседегі жұмысын үй жағдайына ауыстырып, күніне жүздеген сұраққа қоңырау арқылы кеңес беріп отырған әріптестері туралы:

Хабарда болып әп-сәтте,

mGov-қа тіркеп береміз,

Оны еңсеріп алсаңыз,

eGov-ты қайта бассаңыз,

Қырық екі мың бес жүзге

өтінішті тастаңыз, - десе, Шымкент қаласы №2 мамандандырылған ХҚО маманы Нұрхан Байсейітов ұжымдастарына келесі жыр жолдарын жолдады:

Жолама біздің елге жаман індет,

Үйден шықпай төзімім бітіп отыр.

Жұмысқа көп ұзамай барамын деп,

Біздің де қызметкерлер күтіп отыр!

Риза қылу үшін бар халықты,

Жауаптымыз біз әрбір ісімізге.

Жұмысты сағынғанымыз соншалықты,

Жиі көріп жатырмыз түсімізде.

Төтеннен келген пандемия көп адамның кәсібіне, жоспарына кедергі келтірді. Бірақ ХҚО мамандары еш уайымға берілмей, қызметімізді үй жағдайында жалғастырып жатырмыз. Республика бойынша корпорацияның мыңдаған қызметкерінің әр қайсысы күніне 200-ге жуық азаматтың қоңырауына жауап беріп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу жолдарын түсіндіруде. Осындай қиын-қыстау кезде дәрігерлермен, әскерилермен бір сапта жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілікпен қызмет етіп жатқан әр бір әріптесіме алғыс айтамын. Сүйікті ұжымызбен қайта қауышар күн жақындағай. Біз біргеміз!, - дейді әріпестер.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша ХҚКО-ның 1800-ден астам арнайы дайындықтан өткен тәжірибелі қызметкері 1414 байланыс орталығының кеңесшілерімен қатар азаматтарға онлайн форматта мемлекеттік қызметтерді алу бойынша консультациялық көмек және ақпараттық сүйемелдеу көрсетуде. Мыңға жуық маман үйден онлайн түрде бейнеқоңырау арқылы қазақстандықтарды мобильді азаматтар базасына тіркеп, электронды цифрлық қолтаңба беріп жатыр. Екі миллионнан астам азаматқа қоңырау арқылы кеңес берілді.
Өзгелердің жаңалығы