Кентауда үш мың адамға арналған мешіт салынып жатыр

29 Сәуір 2022, 13:51
1510
Бөлісу:
Кентауда үш мың адамға арналған мешіт салынып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Кентау қаласында бір мезетте үш мың адамға дейін қабылдай алатын жаңа алып мешіттің құрылысы аяқталып келеді.  Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерекше сәулет үлгісінде салынған мешіт үш қабаттан тұрады. Құлшылық үйінің қазығы 2019 жылы қағылып, үш жылдан аса уақыт құрылысы жүргізілді. Мешіттің бой көтеруіне барлық қазақстандықтар күш салып, үлес қосты. Яғни, асарлату әдісі қолданылды.

Мешіттің құрылысына шет мемлекетте жүрген қазақстандық жомарт жандардың да үлесі бар. Ынтымақ пен бірліктің аясында салынған Алла үйі соңғы заманауи жабдықтармен қамтылуда. Мұнда имам бөлмесінен бөлек оқу бөлмесі, кітапхана, арнайы жуынатын бөлмелері, көлік тұрағы бар.

Мешітке құлшылық жасауға келетін жамағатқа барлық жағдай қарастырылған. Бүгінгі таңда ішкі бөліктерін әрлеу және абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа мешіт қалаға қарасты 2000 жылдан аса тарихы бар Қарнақ ауылының кіре беріс бөлігінде орналасқан.

Өзгелердің жаңалығы