«Бірлік» деген не?

1 Мамыр 2019, 09:39
20926
Бөлісу:
«Бірлік» деген не?
Фото: BAQ.KZ

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай «бірлік, ынтымақ» ұғымдарымен тығыз байланысты келісу, келісім сөздері және ұру-бару болу тіркесі туралы тұжырымдарымыз.

Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде берілген «түсіністі, келісті» мәніндегі ұру-бару болды (Фраз-қ сөзд. 2007: 732) тұрақты тіркесіндегі бізге түсініксізі бару болды тіркесі. Фразеологизм құрамында сақталған бару болды формасы қазақ тілі сөздіктерінде берілмеген. Мұндағы бару болды – түрік тіліндегі «келісті, татуласты» мағынасындағы barıştı сөзімен сәйкес келеді. Сонда бару болды тұлғасын «келісті, татуласты» деп түсіндіріп бере аламыз.

Неге десек, түркі тілдерінде бару немесе келу етістіктеріне /-ыс/ ортақ етіс жұрнағы жалғану арқылы жасалған тұлғалар, яғни келісті/келишти (қыпшақ тілдерінде); барышты (оғыз тілдерінде) «татуласты, мәмілеге келді, достасты» мағынасында жұмсалуда. Соңғы мағыналардың пайда болуы бару немесе келу етістіктерінің адамдар арасында өзара қарым-қатынасты білдіретіндігімен тығыз байланысты. Яғни «бір-біріне барып-келу, бірге барып-келу» алғашқы мәнінен ауыса келе, «келісу» сияқты метафоралы мән ортаға шыққан.

«Бір-біріне барып-келу» мағынасындағы келісу/барысу сөздерінің «татуласу, мәмілеге келу, келісу» сияқты метафоралы мәнге ие болу құбылысын түріктің қыпшақтанушы ғалымы Мұстафа Өнер айтып кеткен болатын. Ғалымның сөзінше, бар- етістігіне «-ыс» ортақ етіс жұрнағының жалғануы арқылы алғашқы кезде «адамдардың бір-біріне барысуы, өзара келіп-кетуі» сияқты мәні туған. Одан ары қарай өзара келіп кету, барысу арқылы «келісу, түсінісу, татуласу» сияқты жаңа мағыналар туған.

Бұл негіздерге сүйене отырып, қазақ тіліндегі «ұру-бару болды» тұрақты тіркесіндегі бару болу да бару етістігінің ауыспалы «келісу» мәнінен туып отырғанын көрсетуге болады. Бұның айқын дәлелі ретінде түрік тіліндегі «келісу» мәніндегі barışmak етістігінің актив жұмсалуы.

Сонымен, түрік тіліндегі «татуласу» мәніндегі barışmak сөзіне қазақ тілінде келісу сөзі сәйкес келеді, екеуі де семантикалық байланысы бар сөздер. Сол сияқты келісу етістігінен құралған келісім сөзіне түрік тіліндегі «бейбітшілік» мағынасындағы barış ұғымы пара-пар.

Кел- немесе бар- сөздеріне ортақ етіс жұрнағының жалғануы арқылы «бірге барысу, келіп-кету» мәнінен «түсінісу, татуласу» метафоралық мағыналарының пайда болуы орта ғасыр дәуірінен бері бар құбылыс. Мысалы, орта ғасыр түркі жазба ескерткіштерінде, яғни мәмлүк қыпшақтары жазбаларында барышу сөзі «татуласу» мәнінде көрінген (XIII ғасыр түркі-араб сөздігі, Китабы Межму Тержумани Турки ескерткіші, Құрышжанов 1970: 92)

Қазіргі қазақ тілінде бұл сөз бар- тұлғасымен емес, онымен мәндес кел- сөзінен құралып, келісу және келісім түрінде жұмсалуда. Алайда бар- сөзі «ұру-бару болу» тұрақты тіркесінің құрамында бару болу тіркесінде сақталған. Ендеше келісу сөзімен мәндес бару болу тіркесін біліп жүргеніміз абзал. 

Қорыта келгенде, келісу етістігінің үш мағынасы бар:  
  1. «бір-біріне барып-келу»;
  2. «жарасу, түсінісу»;
  3. «бейбітшілік ішінде өмір сүру».
Қазақ тілінде болса, алғашқы мағынасы ұмытылып, тек екінші ауыспалы мағынасы сақталып отыр. Келісу сөзімен пара-пар барысу сөзі болса, өзінің алғашқы мағынасында жұмсалуда. Түрік тілінде болса, barışmak тұлғасы тек «татуласу, келісу» мәнінде жұмсалуда. Дегенмен, қазақ тілінде де бару етістігінің «келісу, татуласу» мәнінде жұмсалатынын көруге болады. Бұл біздің жоғарыда айтқанымыздай, «ұру-бару болу» тіркесі. Мұнда түрік тіліндегідей ауыспалы, яғни «келісу» мәні сақталған.
M. Narikbayev KAZGUU University, қазақ тілі оқытушысы, PhD Doctor Марлен Адилов
Өзгелердің жаңалығы