ҚазМҮББУ ҚазҰМУ оқудан шығарған студенттерді қабылдап келген

16 Ақпан 2021, 23:01
4567
Бөлісу:
ҚазМҮББУ ҚазҰМУ оқудан шығарған студенттерді қабылдап келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас лицензиясынан айырылған Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оқудан шығарып жіберген студенттерді қабылдап келген. Бұл туралы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин айтты.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ 2018-2019 оқу жылында оқу үлгерімі төмен болған 300 студентті оқудан шығарды. Бірақ олардың барлығы кейін Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетіне қабылданып, оқуларын жалғастырды. Бұл қалай болғаны? Біз бұл студенттер бұдан әрі медициналық жоғары оқу орнында оқуын жалғастыра алмайды дедік. Қалайша кейін оларға адам денсаулығын, өмірін сеніп тапсыруға болады? Сонда ол оқу орнында білім беру сапасы қандай деңгейде болғаны? - деді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин.  

Талғат Нұрғожиннің айтуынша, ол Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің кадрларды сапасыз даярлайтыны туралы мәселені 2019 жылы көтерген. Ол тіпті академиялық адалдықтың бұзылуына жол бергені үшін оқудан шығарылған студенттерді ҚазМҮББУ-дың қабылдағаны таңқаларлық жағдай екенін айтып жеткізді.

ҚазҰМУ мен Қарағанды медициналық университетінен оқудан шығарылған студенттердің барлығы бүгінгі таңда Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде оқиды. Мен 2019 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдап, осы жағдайға назар аударуын сұрадым, – деді талған Нұрғожин.  

Білікті дәрігерлер қоғамға қашанда аса қажет, әсіресе пандемия кезінде. Сондықтан дәрігерлерді даярлау мәселесіне ерекше назар аудару керек деп есептейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Нұрғожин.

Расында, ҚазМҮББУ-де заманауи білім беруге қажет ресурстар жеткіліксіз. Оқу орны болашақ дәрігерлердің тиісті деңгейде білім алуы үшін қажет қолайлы жағдай жасауы керек еді. Білім және ғылым министрлігі қабылдап отырған шешім өте дұрыс. БҒМ тек денсаулық сақтау саласындағы білім беру сапасын ғана емес, сонымен қатар жалпы білім беру сапасын жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Министр Асхат Аймағамбетов жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдаймын, – деді ҚазҰМУ ректоры.

Өзгелердің жаңалығы