Қазір ғылымға қарсы тұратын уақыт емес. Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады

23 Маусым 2021, 17:53
2367
Бөлісу:
Қазір ғылымға қарсы тұратын уақыт емес. Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында «Дельта» штаммын жұқтырған науқастар анықталғанын айта келе, карантиндік талаптарды қатаң түрде сақтау керектігін мәлім етті.

Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Өздеріңіз білетіндей, қаламызда «Дельта» штаммы (үнді штаммы деген атаумен белгілі) инфекциясының алғашқы жағдайлары тіркелді! Науқастар саны азаймай тұр. Өткен тәуліктің өзінде инфекцияның 413 жағдайы анықталды! Мыңнан астам адам инфекциялық стационарларда жатыр. Төсек-орындардың жартысынан көбі толды. Реанимация бөлімінде 100 науқас жатыр. 21 адамға өкпені жасанды желдету аппараты қосылды. Медицина қызметкерлеріне артылған жүктеме бірнеше есе өсті және өсіп жатыр, - деді ол.

Көлгінов қазір ғылымға қарсы тұратын уақыт емес екенін атап өтті. 

Ғылымның көмегімен жыл сайын жер бетіндегі миллиондаған адам денсаулығын сақтап, аман қалады. Ғылым ғана адамды жаңа, қауіпті вирустар мен инфекциялардан сақтануға көмектеседі. Шұғыл түрде вакцинация алу қажет! Вакцинация арқылы өзіңізді, отбасыңызды және айналаңыздағы жұртты қорғай аласыз. Егер коронавирус инфекциясының жұқтыру көрсеткіші азаймаса, қала тұрғындары мен ШОБ нысандары қатаң санитарлық нормаларды сақтамайтын болса, локдаунға қайта оралуымызға тура келеді. Адам денсаулығы мен өмірі қыл үстінде. Санитарлық нормалардың/карантиндік шектеулердің сақталмауы, кейбір азаматтың оған бей-жай қарауы салдарынан туындаған жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша карантиндік шектеулер қабылдауға мәжбүрміз. Санитарлық дәрігерлер карантиндік шараларды қатаңдату туралы жаңа қаулы дайындауда, - деді әкім.

Бірінші. Тәуекел тобындағы азаматтарға міндетті түрде вакцина алуды ұсынамыз.

Бұл топқа педагогтар, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мектеп, балабақша, университет қызметкерлері, қызмет көрсету салалары, яғни ХҚО, банктер, СОО/СҮ, шаштараздар, сұлулық салондары, талапкерлер (18 жасқа толған), сондай-ақ қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер жатады.

Қала тұрғындарымен тікелей байланыста болатын және жұмыс істейтін қызметкерлер түсінуі керек: ең алдымен өзін және айналасындағы адамдарды қорғауы қажет. Мысалы, қоғамдық тамақтану орындарында/мейрамханаларда немесе СОО-да бөтен адамдармен тікелей байланысатын болсаңыз, ең алдымен вакцинациядан өтіп, өзіңізді және айналаңыздағы жұртты қорғауыңыз керек.

Егер аталған ұйым қызметкерлері вакцинацияланбаса, нысанның жұмысы тоқтатылады.

Екінші. Вакцинацияланған қызметкерлер үшін жұмыс орындары қолжетімді

Екпе алмағандар (медициналық рұқсаты бар қызметкерлерді есептемегенде), қашықтан жұмыс істеу және оқу форматына жіберілуі керек.

Үшінші. Ashyq жобасы өз кезегінде қызметкерлері 100% вакцинацияланған кәсіпорындарда ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар Ashyq қосымшасы келушілердің вакцинация статусын анықтайтын «Вакцинация» модулімен біріктірілуі керек.

Бұл шаралардың бәрі қала тұрғындарының қауіпсіздігіне арналып отыр! Вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру кезінде ғана қала бұрынғы, карантинге дейінгі қалыпты өмірге орала алады: карантиндік шектеулерсіз, локдаундарсыз және т.б. Ең бастысы — адам өмірімен және денсаулығымен ойнамаңыз! Алдыңызда тек екі жол бар. Бірінші – әрбір адам ерте ме, кеш пе, вирусқа тап болады. Нәтижесінде түрлі дәрі-дәрмектер алып, ұзақ уақыт емделеді. Екінші әдіс — вакцинация. Ғылым адам денсаулығы үшін вакцинадан артық ешнәрсе ойлап тапқан жоқ. Өзімізді және айналамыздағы жандарды қорғау арқылы ғана осы бір қиын кезеңнен өтеміз, - деп жазды елорда әкімі.
Өзгелердің жаңалығы