Қазалылық кәсіпкерлер құрылысқа қажет бұйымдар мен қоспаларды шығаруда

6 Сәуір 2021, 14:16
2132
Бөлісу:
Қазалылық кәсіпкерлер құрылысқа қажет бұйымдар мен қоспаларды шығаруда
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Қазалы ауданының кәсіпкерлері құрылысқа қажет жаңа кәсіптерді меңгеріп, дамыта бастады. Олар құрылыста пайдаланылатын қоспаларды, ғимараттың қасбеті сәнін келтіретін бұйымдарды шығаруда.

Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Алмагүл Төлепова кафель желімін шығаруды қолға алды. Ауыл кәсіпкерінің айтуынша, осы бизнесті бастағанына 3 жыл уақыт болған.

Үш жыл бұрын «Аyылды қаржылай қолдаy» қоры арқылы 3,5 млн теңге несиеге қол жеткіздім. 6 пайыздық жеңілдікпен төлеп жатырмын. Бұл қаржыға кафель желімін әзірлеуге керек шикізат және оны илеп-араластыратын жабдық алдым. Сөйтіп Қазалы ауданының орталығынан цех аштым. Мұнда екі адам жұмыс істейді, – дейді Алмагүл Төлепова.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл кәсіп күн суытқанда уақытша тоқтайды.

Салқын мезгілде жұмысымызды тоқтата тұрамыз. Өйткені құмды қыздырып, кептіру үшін күннің көзі түсуі тиіс. Бұйырса, шаруамызды мамыр-маусымда бастаймыз. Яғни күн қызса, жұмыс та қызады. Алдымен бiр мезетте 10 тн құм жұқалап жайып, кептіреміз. Ары қарай өндіріс тәртібіне сай әрекет ете береміз, - дейді ол.

Алмагүл Төлепова кафель желіміне сұраныс барын айтады. Сапасы бренд өнімдерден бір мысқал да кем емес. Бағасы тұтынушының қалтасына қонымды.

Сонымен қатар біз ел ішінде «дождик» деп атап кеткен сылақты да дайыпдап жатырмыз. Қазір көбісі үйінің сыртына осы сылақты пайдаланады. Жалпы жоспар көп. Жылдың төрт мезгілінде де тоқтамай жұмыс істеу үшін кәсіптің аясын кеңейткіміз келеді, - деді кәсіпкер.

Қазалы ауданындағы тұрғын үйлердің сырт келбетінің сәнін келтіруде кәсіпкер Асылбек Алмағамбетовтың де үлесі зор. Кәсіпкер үйлердің, ғимараттардың сыртын қаптауға арналған сәнді шағын кірпіш шығарумен айналысады.

Қазалылық кәсіпкерлер құрылысқа қажет бұйымдар мен қоспаларды шығаруда

Үйдің, ғимараттың сәулетіне сән кіргізетін бетон мен клинкерден термопанельдер шығарамыз. Отбасымызбен осы кәсіпті дөңгелетіп отырмыз. Сұраныс бар. Бастапқыда жақын-жуық адамдар алатын, қазір тіпті көрші аудандар мен қалалардан – Арал, Қармақшы, Байқоңырдан тапсырыс түсетін болды, - деді Асылбек Алмағамбетов.

Қазалылық кәсіпкер өз өніміне сұраныс арта түскен соң, оның көлемін ұлғайтып, әлеуметтік желілерде жарнама бере бастаған. Оның айтуынша, өнімдерінің сапасы жоғары, ұзақ жылға жарамды.

Әдепкіде бизнесті өз қаражатына бастаған ол жуырда «Даму» қорына жүгініп, «Halyk» банкінен 5 млн теңге несие алған. Мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігін пайдаланып, болашақта қайтарымсыз грант қаржысына қол жеткізгісі келеді.

Ендігі мақсатым – қаржы табылса, палестирол бетонын шығару. Мұның газоблоктан ерекшелігі төзімді және жылу ұстайды. Көлеміне келсек, ұзындығы – 50, биiктігi – З0, қалындығы – 20 см болады, - дейді кәсіпкер.

Өзгелердің жаңалығы