Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көрші елде енгізілген карантиндік шараларға байланысты Ресей Федерациясында көлік кептелісі байқалды, деп хабарлайды Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл 30 қазанда Қазақстан-Ресей шекарасының телімінде Ресей Федерациясының Бугристое автомобиль өткізу бекетінің алдында жүк автокөліктерінің кезегі қалыптасты.
Қазақстан Республикасының аумағында кептеліс байқалған жоқ.
Оған Ресей Федерациясы Президентінің жарлығына сәйкес, 2021 жылдың 30 қазанынан бастап енгізілген Ресей Федерациясының карантиндік шаралары себеп болып отыр.
Мәселен, жарлыққа сәйкес, Ресей Федерациясында 30 қазан мен 7 қараша аралығындағы кезең жұмыс күндері емес деп жарияланды, соған байланысты қазақстандық және ресейлік тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағына бет алды.
Айта кету керек, Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына Қайрақ автомобилді өткізу бекеті арқылы (РФ Бугристое автомобилді өткізу бекетіне іргелес) күніне орта есеппен 600-ге жуық көлік өтеді, ал ағымдағы жылдың 30 қазанында өткен көліктердің саны 860-қа дейін күрт өсті.
Биыл 30 қазанда сағат 16:00-дегі жағдай бойынша Ресей Федерациясы жағынан жағдай тұрақтанды, қазіргі уақытта автокөлік құралдарының кептелісі жоқ.
Айта кетейік, ЕАЭО елдерімен шекарада мемлекеттік кірістер органдары қосарлы (әскери) тауарлардың, тыйымдар мен шектеулер енгізілген тауарлардың, сондай-ақ ДСҰ тізіліміне енгізілген тауарлардың қозғалысына құжаттық бақылауды жүзеге асырады. Бұл шараларды жүргізу 5 минуттан аспайды және кептелістерге әсер етпейді.