Қазақстанның Моңғолиямен құқықтық ынтымақтастығын дамытатын заң жобасы қаралды

25 Ақпан 2021, 11:12
2215
Бөлісу:
Қазақстанның Моңғолиямен құқықтық ынтымақтастығын дамытатын заң жобасы қаралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әділет министрі Марат Бекетаев Парламент Сенатының жалпы отырысында «1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндамасы барысында айтты.

Хаттама Қазақстанның Моңғолиямен құқықтық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған. Хаттама Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының функцияларын нақтылауды көздейді, бұл екі мемлекеттің жеке және заңды тұлғаларына өздерінің жеке және мүліктік құқықтарын қорғау үшін соттарға және басқа да құзыретті органдарға тікелей жүгінуді оңайлатады, - деді ол.

Айта кету керек, Хаттаманы іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдар қатарында Қазақстан Республикасы үшін – Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі; ал Моңғолия үшін – Әділет және ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Жоғарғы сот бар.

Сонымен қатар, хаттамамен Ішкі істер министрлігінің қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетудегі құзыретін белгілейтін Шарттың 27-бабын алып тастау көзделеді, себебі бұл мәселелер алдағы уақытта Бас прокуратураның құзыретіне жатады. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады, - деді Бекетаев.

Осы ретте депутат Нариман Төреғалиев Әділет министріне хаттамадағы өзгерістерге қатысты сұрақ қойды. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша шарттың құқықтық көмек көрсету кезінде қарым-қатынастар тәртібін анықтайтын 4-бапта уағдаласушы тараптардың құзыретті органдары бір-бірімен тек орталық органдар арқылы қатынас жасайтыны көрсетілген. 

1993 жылы қабылданған шарттағы қажет болған жағдайлардағы тікелей  облыстар мен аймақтар деңгейінде қарым-қатынас жасауға болатыны туралы норма алынып тасталып, хаттамамен өзгертіліп отыр. Аталған өзгерістер Моңғолияның орталығынан шалғай жатқан  аймақтарында тұратын халықтың, жергілікті мекемелердің жұмысына ыңғайсыздық тудырмай ма?, - деді депутат. 

Марат Бекетаев қалыптасқан тәжірибеде адресаттың нақты аймағын анықтау қиын болғандықтан, барлық қарым-қатынас орталық органдар арқылы жүргізілетінін жеткізді. 

Сол себептен, осы шарт аясында 1993 жылдан бері облыс деңгейінде бірде-бір сұраныс жасалған жоқ. Ал жалпы алғанда осы Хаттаманың аясында жасалған түзетулер шарттың нормаларын нақтылап, екі ел арасындағы құқықтық көмекті жылдамдатуға мүмкіндік береді, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы