Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы

29 Наурыз 2021, 13:10
3963
Бөлісу:
Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде қазақстандық жас спортшы АҚШ-тағы хоккей клубында бас жаттықтырушы атанғаны туралы ақпараттар жарияланған болатын. Ол әйелдер арасындағы NHL бойынша алғашқы қазақстандық. 13 жасынан бері хоккеймен айналысып келе жатқан Бұлбұл Қартанбай BAQ.KZ-ке берген сұқбатында хоккейге қалай келгені туралы ақпаратпен бөлісті.

Бұлбұл Жамбыл облысы, Луговой ауданы Көгершін ауылында дүниеге келген. Тәуелсіз Қазақстанда туған спортшы Бұлбұл Қартанбай 27 жасында үлкен жетістіктерге жетіп үлгерді.

-  Хоккей спортына қалай келдіңіз? Қанша жасыңыздан бастап бұл спортпен айналыса бастадыңыз?

 - 5-сыныпқа дейін Жамбыл облысында оқыдым, кейін Алматыға көшіп кеттік. 13 жасымда Алматыдағы спорт мектебінде хоккеймен шұғылдануды бастадым.

Әулетімізде әкем мен атам боксшы, балуандар. Ал анам жақтан туыстарымның арасында спортшылар жоқ.

Кішкентайымнан бокспен, күреспен айналыстым. Одан бөлек, қыздар арасындағы футболға да қатыстым. Кейін атам-анам мен үшін спорт мектебін тапты. Алматыдағы спорт мектебіне келгенде «қыздар футболы жоқ, есесіне қыздар арасындағы хоккей тобы бар» деді. Осылайша мен хоккеймен айналысып көрдім, маған ұнады және мен осы спортта қалдым.

Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы

- Елде және шетелде қандай командалар үшін өнер көрсеттіңіз?

-  Қазақстанның жастар құрама командасында, ҚР құрама командасында өнер көрсеттім. Одан бөлек, мектептің Жұлдыз командасында, Еуропада өнер көрсететін Айсұлу клубында ойнадым. Сондай-ақ, Канадада және Америкада Metropolitan Riveters командаларында ойын көрсетім. Енді қазір де сондай командалардың біріне енуге талпынып жүрмін.

 - Қазақстандағы әйелдер арасындағы хоккей туралы айтып беріңізші. Қыздар арасында хоккейге қызығушылық бар ма? Неліктен қыздар құрамасы елде танымал емес?

 -  Негізі хоккей өте қызық спорт түрі. Бұл спортқа қызығушылық танытып, ойнағысы келетін қыздар жетерлік. Дегенмен қыздар арасындағы хоккей елімізде танымал емес. Оның бір себебі – қаржыландырудың жоқтығы. Сондай-ақ, маркетинг жағы ақсап тұр, ешкім жарнама жасамайды.

Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы

- Кәсіби мансабыңызды қашан бастадыңыз?

- Жаттықтырушы ретіндегі қызметімді 22 жасымда бастадым. Маған балалармен жұмыс істеген өте ұнайды. Қазір Америкада қыздар командасының кәсіби жаттықтырушы ретінде орналастым. Оқушыларымның жасы 12-14-тегі жасөспірім қыздар. Дегенмен бұған дейін хоккей мектептерінде жұмыс тәжірибем болды.

Жаттықтырушы болып жұмыс істеген қиын емес. Ол үшін жұмысыңды жақсы көруің керек. Одан бөлек, менің жұмысым балалармен байланысты, сол себепті ісіме адал, әрі шыдамдылықпен қараймын.

Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы

- Шетелдегі карьераңыз туралы айтып беріңізші. Америкаға шақырту қалай келді? Шетелде жұмыс істеуге ұсынысты қалай қабылдадыңыз? Оған дайын болдыңыз ба?

 -  Америкаға 2015 жылдан бері барғым келетін. Өйткені NWHL (Ұлттық әйелдер хоккей лигасы) әйелдер лигасында ойнағым келді. Осылайша, шетелге баруға мүмкіндік алдым. Нәтижесінде маған екі келісімшарт берді. Бірі – Buffalo Beauts және екіншісі Metropolitan Riveters. Metropolitan Riveters-ті таңдап, келісімшартқа отырдым. Кейін жаттықтырушы-ассистент қызметін ұсынды. Осыдан кейін АҚШ-тағы жаттықтырушы ретіндегі мансабым басталды. Бүгінгі күні осы қызметте жүргеніме екі жылдай уақыт болды. Осынау аз уақыттың ішінде прогресс болып, қыздар командасының бас жаттықтырушы атандым.

Сондай-ақ, хоккейді қаншама жылдан бері ойнап келемін. Жұмыс қалай жүргізілетінін, құрылымын білемін.

Дегенмен кішкене үрей болды. Себебі бас жаттықтырушының жауапкершілігі көп. Құжаттармен, келесімшарттармен, келіссөздермен жұмыс істейді. Оның үстіне бәрі тек ағылшын тілінде. Десе де оның бәрін үйрендім, қазір ол жұмыстарды жасап жүрмін.

Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы

 - Хоккей сізге не үйретті? Хоккеймен айналысу үшін адамға не керек? Қалай шыңдалу керек?

Хоккей маған мінезімді қалыптастырды, ерік-жігерімді бақылап, тәртіпке үйретті, сондай-ақ тұрақты болуды үйретті. Сондықтан хоккей спортын жақсы көремін. Менің ойымша, кез келген спортшы осылай жауап береді. Жалпы адамға хоккеймен айналысу үшін көп нәрсе қажет емес. Ең бастысы адамда қызығушылығы, күш-жігері болса жеткілікті. Басқасы уақытымен келеді.

- Ойыншы мен жаттықтырушы қызметін қатар алып жүру қиын емес пе?

 - Қиын емес. Алайда кейде басымдықтарды қойып, жұмыс пен жаттығуды алмастырып отырамын. Сол себепті бәрі өз ретімен болып жатыр.

 - Бұған дейінгі интернет беттеріндегі сұхбаттардан АҚШ-қа бару үшін анаңыздың несие алып жібергенін оқыдым. Егер құпия болмаса, шығыныңыз ақталды ма?

-  Иә, шығыным ақталды. Анама ризашылығымды, алғысымды білдіремін. Анам маған өзінің сенімін білдіріп, қаржысын құйды, көмегін аямады.

Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы

 - Басқа қандай спорт түрімен шұғылданасыз? Спортқа күніне қанша уақыт бөлесіз?

- 18-20 жасымда регби ойнадым. Себебі Қазақстанның ұлттық құрамасында маған орын болмады. Сол себепті регбиге кеттім, тіпті спорт шеберлігіне кандидаттық алып, регбиден Қазақстан ұлттық құрамасымен жаттықтым. Кейін елордада хоккейден «Томирис» командасы құрылғаннан соң қайта хоккейге келдім.

Негізі спортпен күнделікті шынығуға тырысамын. Залға барамын, кейде жүзуге, жүгіруге барамын, хоккей де ойнап тұрамын. Ішім пыспайды.

Спорттан басқа қандай қызығушылығыңыз, хоббиіңіз бар?

 - Спорттан басқа да хоббиім жетерлік. Кішігірім бизнесім бар. Сәттілік печеньесін, түрлі логотиптер салынған печенье жасаймын. Осындай шағын бизнеспен айналысамын. Өздеріңіз білетіндей, қазақтың қыздары тамақ дайындағанды ұнатады. Оның үстіне біздің тәрбиемізде де қыздың қолынан бәрі келуі керек деген түсінік бар.

 - Қанша тіл білесіз?

 - Үш тіл білемін – қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Соңғы үш жылда Америкада тұрғандықтан болар, қазір қазақшам ақсап тұр. Бірақ ауылға барсам, бір-екі күннің ішінде қазақшам тез түзеледі.

Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы

 -  Жасыңыз 27-де болса да карьераңызды құрып үлгердіңіз. Енді өзіңізден кейінгі, өзіңізге дейінгі спорт саласындағы әріптестеріңізге өз саласының кәсіби маманы атану үшін қандай кеңес берер едіңіз?

 - Өзіңізге сеніңіз, алға ұмтылыңыз, әрқашан кез келген істе тұрақтылықты сақтаңыз. Себебі спортта тұрақтылық қажет. Қандай көңіл-күй болса да, күн сайын жаттығып, өзіңізді дамытуыңыз керек.

 -   «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына сізді ұсынғанын қашан білдіңіз? Егер жеңімпаздар қатарына енсеңіз, кәсіби салаңызда оны қалай қолданасыз?

 - Әрине, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұған дейін мұндай жоба барын білетінмін, бірақ ешқашан мені осы жобаға ұсынады деп ойлап көрмеппін. Сондықтан адамдарға олардың сенімі, маған аударғандар көңілдері үшін алғысымды білдіремін.

Америкада тұрып, Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе.

Қазақстанның атын әлемге таныту мен үшін мәртебе – АҚШ-тағы қазақстандық жаттықтырушы

- Хоккеймен айналысқысы келетін және айналысып жүрген қыздарға айтар кеңесіңіз бар ма?

 - Қыздар, өздеріңізге сеніңіздер! Алдарыңызға спорт немесе отбасы деген таңдау қойылмауы керек. Егер бұл спорт түрі сіздің жаныңызға жақын болып, осы арқылы ашыла алатын болсаңыз, онда соңына дейін баруға кеңес беремін. Ешқашан берілмеңіздер, тек қана алға ұмтылыңыздар. Өйткені хоккей – бұл спорт, ал спорт – бұл денсаулық, саламатты өмір салты.

 - Сұқбатыңызға рахмет!



Өзгелердің жаңалығы