Қазақстандық прокурорлар Еуроодақ өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді

4 Желтоқсан 2021, 13:21
928
Бөлісу:
Қазақстандық прокурорлар Еуроодақ өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 2-3 желтоқсанда 21.12.2015 жылғы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру шеңберінде онлайн форматта «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Адам құқықтары жөніндегі диалог пен Сот төрелігі және құқықтық тәртіп жөніндегі Кіші комитеттің жыл сайынғы отырыстары өтті, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Оған Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі, Бас прокуратураның, ІІМ, СІМ, Ақпарат және қоғамдық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері қатысты.

Іс-шаралардың төрағасы ретінде сөз сөйлеген Бас Прокурордың орынбасары Болат Дембаев бұл алаңның маңыздылығын атап өтті, өйткені адам құқықтары мен бостандықтары біздің Конституциямызға енгізілген негізгі құндылықтардың бірі.

Тараптар пенитенциарлық жүйенің қызметін, сондай-ақ ұсталғандар мен сотталғандарды азаптаудың және оларға қатыгездікпен қараудың алдын алу мәселелерін талқылады, ұлттық алдын алу тетігінің іске асырылу барысымен танысты.

Азаматтық қоғамды, әйелдер мен балалардың құқықтарын, сөз және діни сенім бостандығын дамыту туралы пікір алмасты.

Сондай-ақ, сот-құқықтық реформа, қылмыстық және азаматтық істер бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы ынтымақтастық, көші-қон, терроризм мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, тараптар қылмысқа қарсы бірлескен күресті құқықтық реттеу үшін қылмыстық сот өндірісі саласындағы Еуропа Кеңесінің Конвенцияларына қосылу туралы Қазақстанның бастамасын талқылады.

Біз Еуропалық Одақпен халықаралық өзара іс - қимылдың қол жеткізілген деңгейін бағалаймыз және оны барлық бағыттарда одан әрі дамытып, нығайта береміз деп үміттенеміз, - деді Бас Прокурордың орынбасары.

Еуропалық Одақ тарапынан ерекше қызығушылық танытқан жеке тұлғаларға қатысты жеке жағдайлар туралы толық ақпарат еуропалық әріптестерге берілді.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар жүргізіліп жатқан жұмыстар мен реформаларға қанағаттанушылық білдірді, одан әрі өзара іс-қимыл бойынша бірлескен қадамдарды белгіледі, сондай-ақ тиісті Хаттамаға қол қойды.






Өзгелердің жаңалығы