Қазақстанда әр 36-шы өртте адам өлімі тіркеледі

28 Қыркүйек 2021, 12:42
12636
Бөлісу:
Қазақстанда әр 36-шы өртте адам өлімі тіркеледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин хабарлады. Сондай-ақ ол шетелдегі өрт көрсеткіштерін алға тартты.

Мәселен, елімізде әр 36-шы өрт жағдайында адам өлімі тіркелсе, бұл көрсеткіш АҚШ-та 10 есеге төмен. Оларда 360 өртке бір адам шығыны тиесілі. Ұлыбританияда 14 есеге, Францияда 27 есеге төмен, - деді министр.

Сол себепті әрекет ету уақытын қысқарту үшін өртке қарсы қызмет нысандарының желісін кеңейту жалғасып жатқан көрінеді.

Өртке қарсы қызметтің 18 нысанының құрылысы жүріп жатыр. Олардың 3-і – республикалық бюджет, 15-і – әкімдік бюджеті есебінен іске асырылуда. Биыл республикалық бюджеттен берілген қаражат 2,4 млрд теңге сомасын құрады, - деп нақтылап өтті Юрий Ильин.

Одан басқа, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген 9 дайын жоба бар. Атап айтқанда, Талдықорған, Сәтпаев, Жезқазған, Петропавл, Ақмола облысының Қосшы қалаларында республикалық бюджет есебінен 6 өрт депосы қарастырылған. Ал Атырау облысының Атырау, Миялы ауылдары мен Жамбыл облысының Қордай ауылында 3 жоба жергілікті бюджет есебінен дайындалыпты.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде жыл басынан бері 250-ден астам қазақстандық өрттің құрбанына айналғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы