Қазақстанда әділ жұмыс істейтін полицейлер көп – Нью-Йорктегі қазақ полицейі

3 Ақпан 2021, 13:49
1541
Бөлісу:
Қазақстанда әділ жұмыс істейтін полицейлер көп – Нью-Йорктегі қазақ полицейі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін AntikorLive жобасының тікелей эфирі кезінде Нью-Йорктегі танымал қазақ полицейі, «Нью-Йорктің үздік полицейі» марапатының иегері Димаш Ниязов қазақстандық әріптестері туралы ойымен бөлісті.

Жоспарларым өте көп. Осы жылы Қазақстанға барамын деп үміттеніп отырмын. Менің ойымша, басты міндет - полиция мен азаматтар арасындағы сенімді қалыптастыру, арттыру. Нью-Йоркте халық бізді сыйлайды. Бірге суретке түсуге сұранып тұрады. Әрине, бізге тас лақтыратын райондар да жоқ емес. Бетімізге түкіріп, оқ атады. Мұндай жағдайлар да болып тұрады, - дейді ол.

Ол қазақстандық әріптестерінің жұмысы туралы айтып, бірлесіп жұмыс істеу жоспарына тоқталды.

Мен Қазақстанда туғандықтан, туған жерімді жақсы көремін. Шымкентте тудым. Жыл сайын Қазақстанға барғанда, көптеген полицеймен әңгімелесемін. Шынына келгенде, өте жақсы полицейлер көп. Тек оларды таныстырып, жаңалықтардан, БАҚ беттерінен көрсете бермейді. Мысалы, екі жыл бұрын өзенге құлап кеткен әйелді полицей құтқарып қалды. Өткен жылдың өзінде полицейлер шатырдан, көпірден құлап, суицид жасамақ болғандардың көбін құтқарды. Бізде әділ жұмыс істейтін нағыз батыр полицейлер көп, - дейді ол.

Осы ретте Димаш Ниязов басты проблемаға тоқталды.

Басты мәселе – оларды марапаттамайды, аса назар аудармайды. Олардың жұмысын бағалап, марапаттар, медаль, ақшалай марапат беру қажет. Бұл - өте маңызды. Егер полицейде мотивация болса, онда ол алға қойған мақсатына жетуге тырысады, - деп атап өтті ол.

Тікелей эфир барасында АҚШ-тағы жас қазақ полицейі болашақтағы жоспарымен бөлісті.

Болашақта полицейлер мен халықты біріктіргім келеді. Жақында Қазақстанда екі полицейдің жанжалдасып қалған видеосын байқаған боларсыз?! Қай қалада екенін білмеймін. Мүмкін Шымкентте шығар. Дегенмен полицейлер арасында да мұндай жайттар болып тұрады. Олар бірдеңені бөлісе алмай қалулары мүмкін. Оны біз нақты білмейміз. Алайда бастысы – мұндай жағдайлардың орын алуына жол бермеуіміз керек. Себебі біз формадағы полицейлерміз, халықтың, елдің бейнесіміз. Сондықтан бұған жол бермеуіміз керек, - деп айтты Ниязов.

Осы ретте Димаш жыл сайын Нью-Йорк полицейлері арасында бокс кеші ұйымдастырылып тұратынын айтты. Ол жерде полицей кез келген әріптесіне, басшысына немесе басқа бөлімшенің полицейін жекпе-жекке шақыра алады.

Біз мезгіл сайын шоу өткіземіз. Ол жерде полицейлер бокс кешінде өнер көрсетеді. Әрине, барлығы бокс стандарттарына сай өтеді. Бұл кеште полицейлер өз араларында күш сынасады. Бұл - өте қызық. Бокс кешіне кез келген адам билет алып, кіре алады. Жиналған қаражатты балалар ауруханасына немесе балалар үйіне тапсырамыз. Осылайша, біз полицейлер өзара ұрысып қалған жағдайда, мұны позитивке айналдырып жіберуге тырысамыз. Сондай-ақ осындай кештің арқасында халыққа жақсылық жасай аламыз, - дейді полицей.

Димаш Ниязов Қазақстанға келген кезінде әріптестеріне осы ойды ұсынып көретінін жеткізді.

Мүмкін Қазақстанда да осындай шоу ұйымдастырамыз. Нью-Йорктен әріптестерімді ертіп келуім де мүмкін. Қазақстандық әріптестерімен күш сынасса, өте қызықты болар еді, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы