Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық министрлігі алкогольсіз сусындарға акциз енгізгелі отырғаны түсініксіз. Олар халыққа түсіндіру жұмысын жүргізгеннің орнына, тыйым салуды жөн санапты. Ол дұрыс емес, бұл Кеңес үкіметі тұсындағы жалаң ұранмен уралап алға ұмтылғанмен тең. Бұл туралы «Аман-саулық» қауымдастығының президенті Бақыт Түменова онлайн брифинг барысында айтты.
Елімізде биылдан бастап лимонад және басқа да алкогольсіз сусындарға 7% акциз енгізілмек, ал 2025 жылы оның мөлшері 45%-ке дейін өспек. Бақыт Түменова мұндай шектеу шаралары проблеманы шешпейтінін, оның бастауы тереңде жатқанын айтады.
Қазақстанда адамдардың 85% инфекциялық емес аурудан өледі. Ал, әлем бойынша бұл көрсеткіш 70 пайыздан аспайды. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі пандемиядан сабақ алып, инфекциялық емес ауруларға көңіл бөле бастады. Өйткені вирус тарағанда негізінен созылмалы ауруы, қант диабетімен, жүрек ауруы, ракпен ауыратындар қайтыс болды. Бұл аурулар неден туады, ол дұрыс тамақтанбау, семіздік, көп қозғалмау, алкоголь өнімдерін тұтыну, шылым және есірткі қабылдаудан. Бірақ осы жайттарды біле отырып Денсаулық министрлігі алкогольсіз сусындарға акциз енгізгелі отырғаны түсініксіз. Олар халыққа түсіндіру жұмысын жүргізгеннің орнына, тыйым салуды жөн санапты. Ол дұрыс емес, бұл Совет үкіметі тұсындағы жалаң ұранмен уралап алға ұмтылғанмен тең, - дейді ол.
Ол бұл проблемамен күресті медицина қызметкерлері өздері жүргізу қажет деп санайды.
Алдымен медицина қызметкерлері алдына келген науқасқа аурудың неден туындайтынын түсіндіріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруына күш салу керек. Бұл жұмысты жіберіп алғандықтан халық қазір коронавируске қарсы вакцинаны алмай жатыр, - дейді Түменова.
Сонымен қатар ол адамдарды семіздікке әкеліп жатқан тек қант қана емес екенін айтты.
Қант диабетіне артық салмақтың қатысы жоқ, ол генетикалық сырқат. Мұндай науқастар келгенде дәрігер алдымен жақындарыңыздың арасында қант диабетімен ауыратындар бар ма, деп сұрайды. Сондықтан бұл жерде қантты сусындарға шектеу қою дұрыс емес. Зерттеулер Қазақстандағы семіздікке әкеп жатқан себеп ретінде тұз бен ұннан жасалатын тағамдарды атаған. Оның үстіне бізде бауырсақ сияқты майда пісірілген тағамды көп тұтынады. Шемішкенің майы да зиян. Басты мәселе Қазақстанда жағдай төмен, халықтың пайдалы тағамды тұтынуына шамасы жоқ, айналып келіп майда қуырылған тамақты жеп отыр. Сондықтан бұл мәселемен күрескенде оның негізіне үңілу керек, - дейді Б.Түменова.