Қазақстанда барша ұлт өкілдері теңдікте өмір сүріп жатыр – елші

24 Қазан 2019, 18:07
3812
Бөлісу:
Қазақстанда барша ұлт өкілдері теңдікте өмір сүріп жатыр – елші
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін "Nur Otan" партиясының мәжіліс залында "Отандастар қорының" ұйымдастыруымен "Адам және этникалық азшылықтар құқықтарын қорғау" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда халықаралық және заманауи тәжірибелер талқыланды. 

Халықаралық деңгейде үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың құқықтарын қорғау бойынша өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында өткен жиынға ҚР президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев жиынға басшылық етті. 
"Біз Отандастар қорын дамытудың жаңа Жол картасын әзірледік. Шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсетіп, олардың өз тарихи отанына емін-еркін көшіп келуі бойынша бірқатар маңызды жұмыстар атқардық. Жат елдегі отандастырмызды ақпараттық демеу тұрғысында call-орталықтар ашылды. Біздің қорда екі диалог алаңы бар. Қоғамдық комиссия және Ғылыми қоғамдық кеңес. Қазақ тілін шетелдегі отандастарымызға үйрететін білім беру орталықтар жұмыс істейді. Қазақ диаспорасының елдегі бизнес өкілдерімен іскерлік байланысын арттыру сынды қадамдар жасалып жатыр", - деді жиында сөз бастаған "Отандастар" қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Бұл орайда, Парламент мәжілісінің депутаты, ҚР президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының төрағасы Қуаныш Сұлтанов Адам құқықтары жөніндегі комиссия халықаралық ұйымдармен өте тығыз байланыста жұмыстар атқарып жатқанын айтты.

ап1.jpg
"Осындай келелі тақырыпқа байланысты пікір алысуға қош келдіңіздер. Құрметті елші мырза мен ЕҚЫҰ-ның осындағы өкілеттігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Біздің дайындаған баяндамаларымызға Дьердь Сабо мырза өзі тікелей көмек көрсетіп, кітап болып шығуына. Оның таралуына қамқорлық жасап келеді. "Отандастар" қорының жұмысын құптаймыз, қолдаймыз. Осындай қарым-қатынас арқылы қоғамдық жұмыстың қадірі де, ықпалы да көтеріледі. Біз жылда 10 желтоқсан күні Адам құқығы туралы декларацияның қабылданған күнін атап өтеміз. Сол жерде де барлық елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылып, пікір алмасу өтеді. Білесіздер, мемлекет сыртқы және ішкі саясатты асқан шеберлікпен қолданып келе жатыр. Елімізде адам құқығын қорғаудың ұлттық жүйесі қалыптасқан", - деді ол. 
Бұдан бөлек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атынан өкіл ретінде келген Этносаралық өзара байланысты дамыту департаментінің басшысы Ғалым Шойкин  Қазақстанда 52 этникалық бұқаралық ақпарат құралдары бар екенін және олардың 12 тілде ақпарат тарататынын мәлімдеді. 
"Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының белді мүшесі. Бүгінде ұлттық азшылықтар мәселесіне аса мән беріліп отыр. Ұлттық азшылықтар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссариат бар. Ол жекелеген тематикада жұмыс істейді. Жоғарғы комиссар жуырда ғана Қазақстанға келіп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен болатын. Мен айтар едім, Қазақстанда этникалық азшылықтар жоқ. Себебі, мұнда барша ұлт теңдікте өмір сүріп жатыр", - деді елші, ЕҚЫҰ бағдарламаларының Нұр-Сұлтандағы кеңсе басшысы Дьердь Сабо. 
Өздеріңізге мәлім, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында шетелдегі қазақтарды қолдауды құжаттамалық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы ретте "Отандастар қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы Қоғамдық комиссиясы шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы заң жобасын әзірлеуде. 

Дөңгелек үстелге қатысушылар атап өткендей, Қазақстанда аз ұлттардың құқықтарын қорғау саласындағы институционалдық, ұйымдық-құрылымдық элементтердің сәйкестігін талдау аз ұлттардың қоғамдық-саяси өмірге тиімді қатысуын көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы