Елде 10 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді

12 Қазан 2021, 09:34
2762
Бөлісу:
Елде 10 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.

Министрдің сөзінше, елімізде соңғы 9 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7%-ға өсті. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірде тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы қаласында, Маңғыстау және Ақмола облыстарында байқалып отыр.

Сонымен қатар тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жалпы алғанда оң динамика сақталуда. Есепті кезеңде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 8%-ды құрады. Оң динамика 14 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді, - деді Ерғалиев.
Ұлттық экономика министрлігі ауыл шаруашылығында да өсім барын айтты. Бұл сала 9 айда 1,4%-ға өсті. Саладағы өндірістің оң өсуі 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары көрсетті.

Ол баяндамасын қорытындылай келе орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірнеше шараны іске асыруды ұсынды:

  1. Сапалы инвестицияларды тарту мен сүйемелдеу бойынша мемлекеттік басқарудың барлық сатыларында белсенді және мақсатты жұмыс жүргізу.
  2. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету.
  3. Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін тиімді жүзеге асырылуын ерекше бақылау.
  4. Халықты вакцинациялау және кәсіпкерлікті қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру.
  5. Шикізаттық емес экспортқа кешенді түрде қолдау көрсету.

Айтуынша, бұл шаралар еліміздің тұрақты және сапалы экономикалық өсуіне мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы