Қазақстан неге 56 елдің ішінде ең төменгі жалақы алады? Депутат Маминге сауал жолдады

20 Қаңтар 2021, 11:40
5777
Бөлісу:
Қазақстан неге 56 елдің ішінде ең төменгі жалақы алады? Депутат Маминге сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша Picodi халықаралық сервисінің сарапшылары Қазақстандағы жалақы көлемі әлемдегі 56 елдің ішіндегі ең төменгі жалақының бірі деп белгілеп отыр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Айбек Паяев Үкімет басшысына сауал жолдады.

Қазақстан Республикасы сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты ең төменгі жалақы мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда азайған жалғыз ел болып отыр. Сондай-ақ, зерттеу авторлары шартты азық-түлік себетін құрып, өнімнің құнын ең төменгі жалақымен салыстырды. Былтырғы жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұндай азық-түлік себетінің құны 14%-ға өсті. Номиналды түрде ең төменгі еңбекақы Қазақстанда өзгерген жоқ. Сол баяғы 42 500 теңгеге тең. Бірақ сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты нақты жалақы өткен жылдан бастап азайды және енді 37 400 теңгені құрайды, - дейді депутат.

Ол осы ретте елімізге жақын орналасқан Шығыс Еуропадағы мемлекеттерді мысал етті. Украинада ең төменгі жалақы 27%-ға, Польшада - 9,8%-ға, Беларусьте - 6,7%-ға, ал Ресейде 5,5%-ға өскен.

Зерттеу үшін сарапшылар шартты азық-түлік себетін құрып, өнімнің құнын ең төменгі жалақымен салыстырды. Азық-түлік себеті келесі тағамдардан тұрады: нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, жемістер мен көкөністер. 2021 жылдың басында қазақстандықтар үшін мұндай азық-түлік себетінің құны 25 280 теңгені құрайды. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 13,87%-ға артық. Қалыптастырылған азық-түлік қоржыны салық төлегеннен кейін ең төменгі еңбекақының 67,6%-ын құрайды. Былтырғы жылы бұл арақатынас 58,7%-ға тең болды. Бұдан келіп шығатыны, Қазақстанда ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жағдайы нашарлаған, - дейді Айбек Паяев.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін ең төменгі жалақы орташа жалақымен ғана емес, отбасының жұмыс істемейтін мүшелерінің болу мүмкіндігін ескере отырып, міндетті түрде өмірдің нақты құнымен де байланысты болуға тиіс.

Осыған байланысты Үкімет басшысына үш сауал жолдады:

1. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы ең төменгі жалақы деңгейін арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

2. Әлемдік стандарттарға сәйкес азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын нақты шығыстарды көрсете отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін өзгерту жоспарланып отыр ма?

3. Халықаралық өлшемдер мен қазақстандық қоғамның сұраныстарына сәйкес Қазақстан Республикасында өмір сүру сапасы мен деңгейінің әлеуметтік стандарттарын әзірлеу жоспарда бар ма?

Өзгелердің жаңалығы