Қазақстан мен Түркия ақпарат саласы бойынша сессия өткізді

4 Маусым 2021, 19:35
5351
Бөлісу:
Қазақстан мен Түркия ақпарат саласы бойынша сессия өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Онлайн-форматта өткен Қазақстан мен Түркияның бірлескен стратегиялық сессиялардың іс-шаралары аяқталды.

Бүгінгі іс-шаралар барысында ақпарат пен этносаралық қатынастарды дамыту салалары бойынша тәжірибе алмасу сұрақтарына қатысты нәтижелі талқылаулар өтті. АҚДМ өкілдері Қазақстан мен Түркияны өзара достық қарым-қатынастар байланыстырып отырғанын және екі ел арасындағы достыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беретінін атап өтті.

Атап айтсақ, тараптар жалған ақпаратпен күрес, медиасала мамандарын оқыту аспектілері бойынша серіктестік құру қажеттілігі туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия кіретін Түркі Кеңесі министрлерінің диаспора мәселелері бойынша 4-отырысын өткізуге қатысты пікір алмасты.

Жалпы екі күнге созылған мазмұнды бағдарлама министрлік жұмысының 6 бағыты бойынша 4 тақырыптық стратегиялық сессияларды қамтыды. Олардың аясында Қазақстан мен Түркия өкілдері азаматтық қоғамды дамыту, жастар саясаты, ақпарат және БАҚ, діни қызметті реттеу, этносаралық қатынастарды дамыту салаларын қамтитын кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Қазақстан тарапынан ҚР АҚДМ құрылымдық бөлімшелері, атап айтқанда, азаматтық қоғам істері, ақпарат, жастар және отбасы істері, этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттер, БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, Ұлттық еріктілер желісі, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, «Отандастар» қоры қатысты.

Түркия тарапынан Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің қоғаммен байланыс жөніндегі Бас басқармасы, Жастар және спорт министрлігі, Дін істері басқармасы, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) бағдарламасының Үйлестіру кеңсесі, Түркияның ірі БАҚ және ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы сәуірде Аида Балаеваның басшылығымен болған қазақстандық делегацияның Түркияға жұмыс сапары аясы мен Түркия Президенті Әкімшілігінің Қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының басшысы Фахреттин Алтунмен, Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоғлумен және дін істері басқармасының төрағасы Али Ербашпен өткен іскерлік кездесулердің нәтижелері бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жетекшілік ететін салалары бойынша Түркия Республикасының мемлекеттік органдарымен бірлескен стратегиялық сессиялар өткізу туралы келісімге қол жеткізілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы