Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп индустриялық хаб құрады

20 Тамыз 2021, 22:11
9416
Бөлісу:
Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп индустриялық хаб құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары - Экономика және қаржы министрі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы шекарада бірлескен индустриялық сауда-логистикалық кешендерді (ИСЛК) құру және қызмет ету Тұжырымдамасына қол қойды.

Жаңа индустриялық-логистикалық хабтар құру жөніндегі уағдаластыққа Мемлекет басшыларының өзара сапарлары мен ағымдағы жылдың сәуір айының басында өткен Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық Кеңесі отырысының қорытындылары бойынша қол жеткізілді.

Трансшекаралық ынтымақтастық орталықтары екі ел экономикаларының нақты секторындағы өзара сауда мен екіжақты жобаларды ұлғайту үшін жаңа өсім нүктесі ретінде қаралады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы тауар айналымының көлемі 796,2 млн долларды құрады, оның ішінде Қазақстанның көрші елге экспорты - 562,6 млн доллар. Ал импорты - 233,6 млн доллар. Қазақстан Қырғызстанға экспорт бойынша 3-орынға, импорт бойынша 2-орынға ие.

Орталықтардың аумағында жергілікті және шетелдік бизнесті тарту, инвесторлар үшін жеңілдіктер беру арқылы бірлескен өндірістерді дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

Бірінші кезеңде Қазақстан тарапы Қазақстанның Жамбыл облысы мен Қырғызстанның Шу облысы арасында орналасқан өткізу пункттерінің аумағын қарастырады.

Бұл ретте Қазақстан тарапының индустриялық-логистикалық кешенге белгіленген болжамды аумақты кеңейту мүмкіндігі бар. Осылайша, жұмыс істеп тұрған «Қарасу» өткізу пунктінің жұмысын жетілдіру, іргелес инфрақұрылымды жаңғырту және Орталықты өңірлік тауар өткізу желілеріне қосу жоспарлануда. Жоба «Алматы-Бішкек» Халықаралық экономикалық дәлізінің орбитасына да кіреді.

ИСЛК қызметіндегі басымдықтар:

- өндірістік кооперация, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құру;
- азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін қоса алғанда, жоғары бәсекелестік артықшылығы бар халық тұтынатын тауарлар шығаруды ұлғайту;
- логистика мен инфрақұрылымды жақсарту;
- жаңа технологияларды тарту;
- ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру;
- мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілері арасында өзара әрекеттестікті жүзеге асыру бойынша жағдайлар жасау;
- жаңа технологияларды енгізе отырып, халық тұтынатын тауарлар шығару жөніндегі бірлескен кәсіпорындар құру.

Бірлескен Қазақстан-Қырғыз индустриялық сауда-логистикалық кешендерін құру экспортқа бағдарланған тиімді жобаларды жүзеге асыруға және экономиканың жекелеген салаларының, оның ішінде өндіріс пен сатылымдарды басқарудың озық технологияларын пайдалану есебінен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. ИСЛК құру айтарлықтай шикізат көлемі мен дамыған инфрақұрылымы бар экономикалық тартымды өңірде өндірістік желілерді орналастыруды және тұтастай алғанда, жаһандық нарықтардағы елдер нарығының үлесін кеңейтуді мүмкін етеді.

ИСЛК-ны өңірлік тауар өткізу желілеріне қосу шикізатты жеткізуге және дайын өнімнің өзіндік құнын бір мезгілде азайта отырып, дайын өнімді өткізуге тікелей келісімшарттар жасасуды қамтамасыз етеді. ИСЛК базасында тауарларды сату алдындағы дайындық және сату технологиясы бойынша бірыңғай стандарттарды әзірлеу, сонымен қатар, трейдерлермен және әртүрлі халықаралық ұйымдармен әріптестік қатынастар мен ынтымақтастық орнату да екі елдің ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтуға ықпал ететін болады.

Өзгелердің жаңалығы