Қазақстан кітапханаларының Жиынтық электрондық каталогы іске қосылады

11 Ақпан 2021, 12:56
2615
Бөлісу:
Қазақстан кітапханаларының Жиынтық электрондық каталогы іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ОКҚ-де өткен онлайн брифингте хабарлады.

2021 жылды – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында министрлік өзінің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжат аясында биыл еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген жұмыс атқарылады. 

Кітапханалар жүйесі мен қызметінің заманауи үлгілерін ұйымдастыру ісі қолға алынады. Яғни оқырмандардың кітап оқуына мүмкіндігінше жағдай жасалады. Бұл ретте Алматы қаласында, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында жаңа коворкинг орталықтарын ашу жоспарланып отырғанын жеткіземіз, - дейді Дәуешов.

Ол баяндағандай, 2018 жылмен салыстырғанда коворкинг орталықтардың жұмыстары 2,5 есеге артқан. Қазіргі таңда республика бойынша ресми ашылған коворкинг орталықтар саны 401-ге жетіп отыр. 

Нұрғиса Дәуешов дәстүрлі кітапхана қызметімен қатар, Ұлттық электрондық кітапхана жұмысы жетілдіріліп жатқанына тоқталды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев 2020 жылғы 2 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңына қол қойды. Бұл заңға электрондық кітапхана бойынша бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бүгінде министрлік заң аясында Қазақстан кітапханаларының Жиынтық электрондық каталогын іске қосу бойынша жұмыстарды жүргізуде, - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ биллинг жүйесі арқылы оқырмандарға еліміздің кітапханаларының электрондық қорын қолжетімді ету мақсатында жұмыстар атқарылады. Бұдан басқа елімізде Бірыңғай электрондық оқырман билетін қолданысқа енгізудің нормативтік тәртібін айқындауда.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханадағы электрондық кітапхананың қорында 60 мыңға жуық материал сақталған. Бұл жоба бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Елімізде 200 мыңнан аса оқырман электронды кітапханалардың жұмысына жүгініп отыр, - дейді ол брифингте.

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялады.

Өзгелердің жаңалығы