Қазақстан киберқауіпсіздік деңгейі бойынша 9 сатыға жоғарылады

30 Маусым 2021, 13:50
4073
Бөлісу:
Қазақстан киберқауіпсіздік деңгейі бойынша 9 сатыға жоғарылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның киберқауіпсіздік әлеуеті артты. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Біріккен ұлттар ұйымы киберқауіпсіздік жаһандық индексі деңгейі бойынша 9 сатыға көтеріліп, 31-орынға орналасты. Бұған дейін Қазақстан 40-орында болған, - делінген хабарламада.

Бұл туралы БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭБО) 29 маусымда өткен конференциясында Киберқауіпсіздіктің жаһандық индексі туралы 4-ші басылым есебінде жарияланды.

ТМД аймағы бойынша Қазақстан 2-ші орында, бірінші орында – Ресей Федерациясы.

Рейтинг жасау кезінде мемлекеттің заңнамалық базасы, техникалық және ұйымдастыру іс-шаралары, халықаралық аренадағы қызметі мен ақпараттық қауіпсіздік саласын дамытуға бағытталған әлеуеті негізге алынады.

Еліміздің «Қазақстан киберқалқаны» және «Цифрлық Қазақстан» сияқты стратегиялық бағдарламаларында ХЭБО-ның киберқауіпсіздік жаһандық индексі ақпараттық қауіпсіздік бойынша басты индикатор болып есептеледі.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ХЭБО ұжымына өзара тиімді серіктестік және киберқауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша қолдау көрсеткені үшін алғыс айтады.

Киберқауіпсіздіктің жаһандық индексі туралы есептің толық нұсқасы ХЭБО-ның ресми сайтында орналастырылған.



Өзгелердің жаңалығы