Қазақстан инновация деңгейі бойынша әлемдік рейтингіде 77-орында

23 Ақпан 2021, 06:33
1563
Бөлісу:
Қазақстан инновация деңгейі бойынша әлемдік рейтингіде 77-орында

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы Қазақстан инновация деңгейі бойынша 131 мемлекет қатысқан әлемдік рейтингіде 77-орынға жайғасты, деп хабарлады ranking.kz.

Бұл тізімде еліміздің индексі 28,6-ны құрады. Нәтижесінде Қырғызстаннан алда, Ресей, Армения сынды экономикалық одақ мемлекеттерінен артта қалдық.  Ал әлемдік рейтингіде Швейцария, Швеция және АҚШ көш бастап тұр.

Жалпы бұл тізім – дүниежүзі елдеріндегі инновация дейгейін анықтайтын жоба. Индекс 80 көрсеткіш негізінде экономикалық жағдайы әр түрлі мемлекеттердегі жаңа технологиялардың даму көрсеткішін айшықтайды. Рейтингіде көрсеткіштер 2 бағыт бойынша есептеледі. Олар:  - Инновация үшін жасалған жағдай (Innovation Input); - Бұл салада жеткен жетістіктер (Innovation Output).

Бірінші бағыт бойынша Қазақстан рейтингте 60-сатыға жайғасты. Ал екінші бағыт бойынша 94-орынға ие болды. Осылайша ортақ нәтижелер 77-орынға тұрақтауға мүмкіндік берді.

Әлем елдерінің инновация дейгейін анықтайтын 80 көрсеткіш 7 негізгі санатқа жіктелген. Бұл ретте «Институттар» бағыты бойынша Қазақстанның индексі 69-ды құрады. Аталған санат мемлекеттегі кәсіпкерлік, саясат, құқықтық базаны бағалайды. Бұл еліміз үшін жақсы нәтиже болып есептеледі.

Ал ең төмен баға «Шығармашылық нәтижелер» санаты бойынша берілген. Бұл рейтингідегі 105-орын. Аталған көрсеткіш материалдық емес активтерді, интернет қызметінің деңгейін анықтайды. 

Өзгелердің жаңалығы