Қазақстан гендерлік теңсіздік рейтингінде 60-орында

4 Шілде 2019, 17:10
7103
Бөлісу:
Қазақстан гендерлік теңсіздік рейтингінде 60-орында
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президенттің қатысуымен өтіп жатқан Шетелдік инвесторлардың 32-ші отырысында түрлі тақырып талқыланып жатыр. Олардың бірі – гендерлік теңсіздік болды. 

Оны Baker  McKenzie  компаниясы төрағасының орынбасары Ulmer-Eilfort Constanze ханым қозғады. Айтуынша, гендерлік теңсіздік Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігіне әсер етеді.

«Мен өте маңызды тақырып туралы айтқым келеді.  Оны бірінші президент Назарбаев бірнеше рет көтерген болатын. Бұл – Қазақстан экономикасында әйелдердің бар әлеуетін іске асыру. Қазақстан тарихында әйелдер жетекші рөлде болды. Мысалы, бәріне жақсы танымал Ұлжан мен Зере – қазақтың ұлы философы – Абайдың анасы мен әжесі. Олар дәстүрлі түрде білім ұлдарға да, қыздарға де керек екенін білдірді. Бүгінде ел экономикасының дамуына үлес қосуда әйелдер ерлермен теңесу керек. Халықаралық валюталық қордың «Әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту» баяндамасында әйелдердің ел экономикасындағы үлесінің артып келе жатқаны айтылған. Бұл мемлекеттің ЖІІ өсіміне және экономиканы диверсификациялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инвесторлар көзімен қарасақ, білімді, білікті, түрлі типтегі жұмысқа қабілетті тұрғындардың болуына септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы инвестициялық климатқа әсер етеді», - деді ол.

Ол Қазақстан әйелдер мен ерлердің теңсіздігі жағынан 149 елдің ішінде 60-орында тұрғанын айтты.

«Соңғы 10 жылда Қазақстанда білім алатын барлық студенттің 57% қыздар болды. Ал, статистикаға қарасақ, жұмысқа кірісетіндердің ішінде әйелдерге қарағанда ерлер көп. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылы жариялаған гендерлік теңсіздіктің жаһандық индексінде Қазақстан 149 елдің ішінде 60-орында тұр. Бұл өз кезегінде 51-орынмен салыстырғанда, төмендегенін көрсетеді», - деді ол.

«Самұрық-Қазына» компаниясы мен оған қарасты 20 ұйымның қызметкерлерінің басым бөлігі ер адам екен. Әйелдердің үлесі парламентте де аз болып шықты.

«Baker  McKenzie -дің бұрынғы басшысы Кристин Лиагарт «Компания үшін әйелдердің болмауы саяси тұрғыдан дұрыс емес болып есептелу керек» деген болатын. Бірақ біздің зерттеулерімізде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»  мен оның құрамындағы 20  ұйымда ерлер мен әйелдер арасында теңсіздік бар екені анықталды. Парламент пен Үкіметке қатысты айтар болсақ, министрлік постта 11 орын, парламенттік құрамда 22 орын. Бұдан басқа, Қазақстанның тұңғыш президенті бұл мәселені бұрын атап өткен болатын. 2006 жылы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты ұлттық комиссиясы құрылған болатын. Бұл мемлекеттің 2016 жылы жоғары рейтингке жетуіне ықпал етті. Бірінші президент Әбдіқадықованы Әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы және премьер-министрдің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Міне бұл экономика секторындағы әйелдердің рөлін айтарлықтай арттырды», - деді Ulmer-Eilfort Constanze.

Содан соң ол «Қазақстандағы кез келген ірі компания, ұйымның қызметке әйелдерді тартуын ынталандыруды ұсынды. Мұны заңнамалық тұрғыдан нормаға келтіру керек. ҚР Ұлттық банк жоғары лауазымда отырған ерлер мен әйелдердің жалақысының бір деңгейде болуын қадағалауы керек» дегенді, содан соң әйелдер жұмысымен қатар отбасын қоса алып жүретін жұмыс жағдайын жасау керегін баса айтты.

«Әйелдерге үйден жұмыс істеуге және жұмыс кестесін ыңғайлы қылып беру мүмкіндігін жасау керек. Ер адамдар осындай өзгерістерді қабылдау керек. Компаниялар өздерінің  әйел қызметкерлерін ынталандыру үшін демеушілер санын арттыру керек. Біз ерлерді қолдауға 8 демеуші болса, әйелдерге бір демеуші бар екенін білеміз. Демеуші әйелдер мен олардың жұмыс берушілерін қолдап отыру үшін керек», - деді ол.

Кейін  Бейкер Маккензи Шетелдік инвесторлардың келесі отырысына осы аталған мәселелерге байланысты есепті ұсынуды талап еткенін баяндады.

«Сонымен қатар Бейкер Маккензи келесі отырыста Әйелдер ісі жөніндегі комиссияны есебін тыңдауды және «Самұрық-Қазына» АҚ басшылық лауазымдағы әйелдер санын арттырғаны туралы есепті әкелуді ұсынды. Сонымен қатар жоғарыда аталған ұйымдар мен мемлекеттік органдар әйелдердің әлеуетін толық арттыра отырып, инвестициялық климатты жақсарту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды», - деп түйіндеді сөзін Ulmer-Eilfort Constanze.

Жиынды ашқан ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын  дамыту – қазіргі маңызды мәселе» деген болатын.
Өзгелердің жаңалығы