Қазақстан азаматтарының жағдайын жақсартуға арналған заң жобасы ұсынылды

24 Тамыз 2021, 10:23
5036
Бөлісу:
Қазақстан азаматтарының жағдайын жақсартуға арналған заң жобасы ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсынды.

Министр атап өткендей, заң жобасы бюджет заңнамасының соңғы өзгерістерін ескере отырып, еліміздің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Бұл әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартуға және экономиканы біртіндеп қалпына келтіруге бағытталған.

2022 жылы түсімдер биылғы жоспармен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Мұнайлы емес түсімдер 1,8 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға ұлғаюмен қарастырылды. Мұнайдан түсетін түсімдерді біртіндеп Ұлттық қордың қаражатын жинақтау режиміне оралуға байланысты 1,3 трлн теңгеге төмендету қарастырылған, - деді ол.

Айтуынша, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт келесі жылға 2,4 трлн теңге мөлшерінде анықталды, ол біртіндеп 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Нәтижесінде мұнайлы емес түсімдердің үлесі ағымдағы жылы 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өседі.

Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есептемегенде 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы – 9,7 трлн теңгені, 2024 жылы – 10,4 трлн теңгені құрайды. Бюджеттапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-ынан кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ына дейін төмендеуімен жоспарланған. Бұл ретте мұнайлы емес тапшылық көрсетілген кезеңде жалпы ішкі өнімнің 8,1%-ынан 6,3%-ға дейін төмендейді, - деп атап өтті Жамаубаев.


Өзгелердің жаңалығы