Қазақстан АҚШ-пен инвестициялық ынтымақтастықты арттырады

8 Қаңтар 2021, 14:24
1532
Бөлісу:
Қазақстан АҚШ-пен инвестициялық ынтымақтастықты арттырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин АҚШ Халықаралық даму қаржы корпорациясының (DFC) бас атқарушы директоры Адам Болермен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

Тараптар АӨК, туризм, логистика, инфрақұрылым, сондай-ақ қаржы және технологиялар салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы экономикасының жеке секторын дамытуға бағытталған жобалар мен бастамаларды бірінші кезекте іске асыру қажет екені атап өтілді. 

Келіссөз қорытындысы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ мен АҚШ Халықаралық даму қаржы корпорациясы арасында инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат Қазақстан Республикасында $1 млрд дейінгі сомаға АХҚО платформасы арқылы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді. АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы Америка Құрама Штаттарының даму институты, ол шетелде жеке жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуге және қолдауға жауапты. 

DFC 2019 жылғы 20 желтоқсанда Шетелдік жеке инвестициялар корпорациясының (OPIC) АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) Дамуды несиелендіру басқармасымен бірігуі арқылы құрылды. Келіссөзге Қазақстан тарапынан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Америка тарапынан - АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер, DFC бас атқарушы директорының кеңесшісі Калеб Маккарри, DFC басқарушы директоры Аллисон Майнор қатысты.


Өзгелердің жаңалығы