Қазақстан 2022 жылы ТМД-ға төрағалық етеді

12 Қараша 2021, 17:03
939
Бөлісу:
Қазақстан 2022 жылы ТМД-ға төрағалық етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) отырысына қатысты деп хабарлайды primeminister.kz.

Үкімет басшысы өз сөзінде ТМД елдерінің ұлттық экономикаларының дәйекті түрде қалпына келуін және дағдарысқа қарсыдан пандемиядан кейінгі даму күн тәртібіне көшуін атап өтті. Осылайша, ХВҚ-ның соңғы болжамдарына сәйкес, ТМД-ның барлық экономикалары 2021-2022 жылдары өндірістің пандемияға дейінгі көлеміне жетеді. А. Мамин Достастық кеңістігіндегі сыртқы сауда көлемінің күшейіп келе жатқан қарқынының мысалы ретінде биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында ТМД шеңберіндегі Қазақстан тауар айналымының $20 млрд дейін 27%-ға өсуін атап өтті.

Премьер-министр ТМД елдері экономикаларының өндірістік интеграциясының әлеуетін іске асыру қарқынын күшейту, сондай-ақ орнықты өсімді қамтамасыз ету мақсатында Достастық мемлекеттерінің «жасыл» экономика моделін енгізу қажеттігін атап өтті.

А. Мамин инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыру, бірлескен көлік саясатын жүйелі және дәйекті жетілдіру, регламенттер мен стандарттарды үйлестіру, келісілген тарифтік саясат жүргізу және ТМД елдерінің транзиттік әлеуетін кеңінен пайдалану үшін өзара артықшылықтар беру маңыздылығына ерекше назар аударды.

ТМД елдерінде баламалы көлік бағыттарына сұраныстың артқанын биылғы жылдың алғашқы 9 айында ҚХР – ЕО бағыты бойынша транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемінің шамамен 40%-ға өсіп, 600 мыңнан астам ЖФЭ жеткені дәлелдейді.

Қазақстан 2022 жылы ТМД-ға төрағалық етеді

Премьер-министр АӨК өнімдерін бірлесіп өндіру және оны сыртқы нарықтарға шығару жұмысын күшейтуді ұсынды. Трансшекаралық хабтар мен көтерме-тарату орталықтарына сүйене отырып, Бірыңғай тауар өткізу желісінің әлеуетін іске асыру аталған жұмыстың маңызды бағыты болуы тиіс, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ТМД-ның барлық елдерінің экономикалық байланыстылығын арттыруға жол ашады.

ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық және сабақтас құқық объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім қабылданды.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары, 2022 жылы ТМД-да халық шығармашылығы мен мәдени мұра жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары, 2030 жылға дейінгі «1520 кеңістікте» теміржол көлігін стратегиялық дамыту тұжырымдамасы бекітілді.

2022 жылы Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. ҮБК-нің келесі отырысын 2022 жылғы мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Отырысқа Әзербайжан Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Беларусь Премьер-министрі Роман Головченко, Қырғызстан Премьер-министрі Ақылбек Жапаров, Молдова Премьер-министрі Наталья Гаврилица, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, Армения вице-премьер-министрі Мгер Григорян, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Чарымырат Пурчеков қатысты.

Өзгелердің жаңалығы