Қайырымды істер марафоны: Жақсылық жасаудың қандай жолы бар?

16 Наурыз 2021, 13:58
5372
Бөлісу:
Қайырымды істер марафоны: Жақсылық жасаудың қандай жолы бар?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Лима Диас «Қайырымды істер марафоны» жобасының мән-мағынасын түсіндіріп берді.

«Қайырымды істер марафоны» - бұл адамдарға игі іс жасауға шабыт берітін, адамдар мен ұйымдарды біріктіретін жалпыұлттық қозғалыс. Марафон мемлекет, бизнес және еріктілердің өзара көмек, ынтымақтастық, серіктестігінің нақты құрылымына негізделген.

Біз қайырымды істердің жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан Қазақстанның әр азаматының өміріне енгенін қалаймыз, - дейді ол.

Қайырымды істер марафонын бүгінгі күнге дейін 60 ҮЕҰ мен бизнес өкілдері, 17 әкімдік, ЖОО мен еріктілер ұйымдары қолдап, барынша атсалысып отыр.

Лима Диастың сөзінше, ең белсенділік танытқан аймақ  - Шығыс Қазақстан облысы. Облыс көлемінде 345 қайырымдылық шарасы өтті.

Еліміздің 17 аймағында 1 522 іс-шара өтті. Сондай-ақ, марафонға 2 миллионнан астам адам қосылды. Негізі қайырымдылықты жасаудың жолы өте көп. Атап айтсақ, мұқтаж жандарға көмек көрсету, қар тазалау, көше жинау, жақыныңа қол ұшын созу, қан тапсыру, ағаш егу, қайырымдылық қорына қаражат беру және басқа. Осы ретте Қазақстанның 4 қаласында, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Семей қалаларында «Эко Асар – қайырымды істер марафоны» экологиялық акциясы өтті, - деп айтты ол.

Оның айтуынша, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын мемлекеттік емес ұйымдарды қолдау мақсатында елордалық меценат, дизайнер Мансура Жакен жалпы құны 4 миллион теңге тұратын 17 авторлық ағаш есік алуға сертификат берді.

Брифинг кезінде марафон аясында өткізілетін шаралар кестесіне тоқталды.

Күн сайын «Қайырымдылық істер туралы кеңестер» жобаның парақшаларында ұйымдастырылып отырады. Одан бөлек, наурыздың 18-інде Наурыз мейрамы қарсаңындағы Қайырымдылық күні және 15-21 наурыз аралығында Экологиялық іс-шаралар аптасы, кейін сәуірде «Ең қайырымды…» жалпыұлттық байқаулар сериясы «Ең қайырымды аймақ» атты байқаудан басталады, - деп айтты Лима Диас.

Одан бөлек, сәуір айынан бастап АБҚО базасында ҮЕҰ мен еріктілер ұйымдарына арналған «Қайырымдылық сабақтары» атты тегін тренингтері өтеді.

Қайырымды істер күнтізбесін әзірлеп жатырмыз. Баршаңызды жалпыұлттық қозғалысқа қосылуға, басқаларға үлгі болуға шақырамыз, - деді ол сөз соңында.

Еске сала кетейік, ақпанның басында ҚазМедиа орталығында өткен кездесуде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Лима Диас «Қайырымды істер марафоны» ұлттық жобасын таныстырған болатын.


Өзгелердің жаңалығы