Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл ыстық және құрғақ ауа райына байланысты тұрғындарда қысқы мал азығын дайындау қарқыны туралы көптеген сұрақ туындауда. Бұл алаңдаушылықты Ұлытау ауданындағы өрт те күшейтті, деп жазды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Облыс тұрғындарын бұл тақырып күнделікті жеке мониторингте тұрғанына сендіргім келеді. Бүгін аудандардың басшыларымен және фермерлермен кезекті кеңес өткіздім. Алдын ала қорытындыға сәйкес өткен жылмен салыстырғанда қысқы мал азығын дайындау бойынша кестеден озып келеміз. 1,8 млн тонна ірі жем-шөп дайындалды немесе жоспардың 80%. Бұл – республикадағы төртінші көрсеткіш. Бір ай ішінде жылдық жоспарға шығамыз және жем-шөп дайындау жұмысын аяқтаймыз, - деп жазды өңір басшысы.
Облыс басшысы Ақтоғай, Қарқаралы және Ұлытау аудандарында дайындау қарқыны бойынша сұрақтар бар екенін айтты. Бұл аудандарда жоспарды орындау бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр.
Ұлытауда жанған шабындық алқаптары үшін өтемақы ретінде тараптардың уағдаластығы бойынша босалқы жерлерден және фермерлердің пайдаланылмайтын жерлерінен алқаптар бөлінеді. Өрт кезінде шығын болған мал үшін фермер 17 млн теңгеге жуық қаржы алады. Жалпы, мемлекет тарапынан шөп шабу науқанына қосымша 3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шөп дайындаушылармен 40% - дан астам мал шоғырланған жеке қосалқы шаруашылықтар үшін шөп бағасының көтерілуіне жол бермеу туралы меморандумдарға қол қойылады, - деді ол.
Орман қоры жерінен шөп дайындау үшін 1514 гектар шабындық және 23 гектар жайылым босалқы жерлерден – 223 бригада үшін 61 062 гектар жер бөлінді.