Ақтау қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Каспий теңізінде бата бастаған жасөспірімді аман алып қалды.
Оқиға 7А шағын ауданы маңындағы теңіз жағалауында патрульдеу кезінде болған. ТЖМ Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері 2009 жылы туған жасөспірімнің суға батып бара жатқанын байқап, дереу көмекке келген.
Белгілі болғандай, жасөспірім шомылуға арналмаған аумақта суға түскен. Екі құтқарушының жедел әрекеті мен жағалауда болған куәгердің көмегінің арқасында ол дер кезінде судан шығарылды.
Құтқарушылар зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды тек арнайы жабдықталған орындарда шомылуға, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.