Каспий теңізінің Әзербайжан акваториясынан мұнай дағы табылды. Алдын ала болжам бойынша, құбыр зәкірдің кесірінен зақымдалған. Бұл туралы Азертадж жазды.
Дюбенди жағажайы маңында мұнаймен ластану іздерінің табылғаны туралы ақпарат 19 маусымда пайда болды. Пираллахы аралы мен Дюбенди кенті арасындағы акваторияны алғашқы тексеру барысында мұнай дағы анықталды.
«Азнефть» өндірістік бірлестігінің хабарлауынша, алғашында мұнайдың қайдан шығып жатқанын көзбен шолып анықтау мүмкін болмаған. Содан кейін су астындағы мұнай құбырлары тексеріліп, ластану көзі «Азнефть» ӨБ-не тиесілі жарылған мұнай құбыры екені белгілі болды.
Жылыстау көзі анықталған бойда аталған су асты құбыры арқылы мұнай тасымалдау тоқтатылды. Оқиға салдарын жою мақсатында «Азнефть» ӨБ-нде жедел штаб құрылып, жағдай бақылауға алынды, - деп хабарлады компаниядан.
Суға сүңгуір қызметі зақымданудың механикалық сипатта екенін анықтады. Алдын ала бағалау бойынша, бұл ақау сыртқы заттың, шамасы зәкірдің тиюінен пайда болған.
Зақымдану анықталғаннан кейін бірден жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды. Олар аяқталғанға дейін зақымдалған құбыр істен шығарылған күйінде қалады, бұл теңізге мұнайдың бұдан былай жылыстауына жол бермейді, - деп мәлімдеді «Азнефть» ӨБ.
Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Азнефть» ӨБ инциденттің салдарын жою, соның ішінде теңіз бен жағалау аумақтарын тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.